ТҮРКІСТАН: Жетісайда жібек құртын өндіру ісі қолға алынған

0
569

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда жібек құртын өндіру ісі қолға алынған

Жетісайлық шаруалар жібек құртын өндіруге ден қоюда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Биыл Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бастаған жұмысшы топтың көршілес Өзбекстан еліне жасаған сапары барысында Андижан облысы, Мархамат ауданындағы «Тұт көшеті кластері» мекемесінің басшысы, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы Абдуфаттах Мусырманкуловқа ауданға келіп, жергілікті кәсіпкерлермен семинар өткізу бойынша ұсыныс жасалған еді.


Осыған орай, Абдуфаттах Мусырманкулов жетісайлық кәсіпкерлермен кездесіп, жібек өндірісіне қажетті тұт көшетін өсіру бойынша семинар өткізді.


Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді. Өндірілген өнімнің келісін өзбекстандық инвесторлар 600 теңгеге дейін сатып алатындықтарын айтады.


Мамандардың пікірінше, асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120-130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160-170°С-та ғана ыдырай бастайды.


Сонымен қатар басқосуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының VI бағыты бойынша жібек құртын өндіруге ниет білдірген тұрғындарға 2,5 пайызбен қаржылай көмек көрсетілу тетіктері, тұт ағашының қолдан өсірілетін (асыранды) құртынан және жабайы емен құртынан алынатын өндірістік жібек өндіру жолдары да түсіндірілді.