ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер Түлкібастың алмасынан чипсы жасап жатыр (фото)

0
3 140

Тауардың сапасы мен дәміне ерекше мән беретін кәсіпкер алманың жоғарғы және бірінші сорттарын ғана пайдаланады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық кәсіпкер Түлкібастың алмасынан чипсы жасап жатыр (фото)

Жетісайлық кәсіпкер жігіт бүгінде Түлкібастың алмаларынан таза табиғи чипсы шығаруды қолға алып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Жетісай ауданының тумасы Абай Тоимовтың Шымкент қаласынан ашылған шағын цехынан шыққан алмадан жасалған чипсылар бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар Түркістан облысының бірқатар аудандарына сатылып жатыр.

Осыдан 6-7 ай бұрын табиғи таза өнімнен чипси шығаруды қолға алған кәсіпкер Түлкібастың жоғарғы және бірінші сұрыпты алмаларын ғана пайдаланып келеді. Алманы аршып, турап-кептіретін арнайы құрылғыларды Қытай мен Малайзия елдерінен алдырған. Күннен күнге сұраныс артып келе жатқан шағын цехта күніне 100 келіге тарта алмадан чипсы жасалады.

«Біздің басты мақсатымыз – тұтынушыға өзіміздің алмаларымызды терең өңдеп, отандық сапалы өнім ұсыну. Оны алдағы уақытта әлемдік сауда экспортына шығарып, қазақстандық брендке айналдыру. Сол арқылы алманың отаны Қазақстан екенін баршаға мойындату», - деген кәсіпкер алдағы уақытта жеміс-жидек шырынын шығарып, алмадан тосап (варенье) жасау жоспары бар екендігін айтады.
Алғашында өз қаражаты есебінен ашылған шағын цехтың ауқымын кеңейту мақсатында мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен несие берілсе шикізатты қалдықсыз терең өңдеуге дайын екендігін жеткізді.

Табиғи таза, ешбір қоспасыз жасалған алма қытырлағын жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында аптаның әр сәрсенбісінде Шымкенттегі «Күншығыс» базарында жәрмеңке де өткізіп отырады.