ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтардың ахуалын жақсарту жолдары жүйеленді

0
296

Ең бірінші кезекте ел мүддесі орындалуы тиіс екенін жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлықтардың ахуалын жақсарту жолдары жүйеленді

Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барып, мақталы өңірді дамыту бойынша мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барып, мақталы өңірді дамыту бойынша мәжіліс өткізді. Мақталы аймақтың экономикасын көтеру жолдары сараланды. Өңір басшысы аудан әкімі мен орынбасарларына, басқарма басшыларына өз салалары бойынша жұмысты жүйелеуді тапсырды. Ең бірінші кезекте ел мүддесі орындалуы тиіс екенін жеткізді.


«10 айдың қорытындысы бойынша орындалмаған жұмыстар бар. Назарға алыңыздар. Өнеркәсіп саласында – жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындар ашу көзделу керек. Ауыл шаруашылығында – егін шаруашылығын дамыту, оның ішінде, жылыжай салу, тамшылатып суғару әдісін енгізу, ағын суды тиімді пайдаланған жөн. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жұмыстарын ширатыңыздар. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көрсеткіштері кеміген. Жетісай – Өзбекстанмен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға толық мүмкіндік бар. Серік Үсенұлы, жалпы инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе отырып, қажетті шараларды қабылдаңыз», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте аудан әкімі Серік Мамытов барлық сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жетісайдың әлеуетін көтеру бағытында жоспарлар жасалып, жобалар қолға алынғанын мәлімдеді.


Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов өз баяндамасында Жетісай ауданына жасалған зерделеу жұмыстары нәтижесін жариялады. Көңіл көншітпейтін тұстарын ашып айтып, әрбір сала бойынша көрсеткіштерді жеке-жеке сараптады.


Жиында аудан әкіміне инфрақұрылымды жақсарту, жер саласындағы түйткілдерді шешу, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарын жандандыру, кәсіпорындар, жұмыс орындарын ашу, ауданның өзіндік кірісін көбейту жөнінде тапсырмалар берілді.