Қалада 6 сектор бойынша 130-дан астам ашық алаңша бар.
Түркістанда жазғы ашық алаң ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Тамыз айындағы кезекті жарыс қаладағы «Отырар» шағынауданында өтті. Спорттық шарада 300-ге жуық үміткер бақ сынады. Секіргішпен секіру, ләңгі тебу, белтемірге тартылу және асық ату сияқты ойындардан жарыс өтіп, үздіктер анықталды. Жеңімпаздар маусымның қорытынды сайысына жолдама алып, жүлдегерлерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Спорттық ойындарды Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» ұйымдастырып отыр. Аталған клубтың өз жұмысын бастап, облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатқанына 3 жылдан асты. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Қалада 6 сектор бойынша 130-дан астам ашық алаңша бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында секторда орналасқан ашық алаңдарда әр аптаның бейсенбі және жұма күндері «Жазғы демалыс – спортпен» атты ұранмен Түркістан қаласының ашық алаң ойындары өткізіледі.