Түркістанда базарларды талапқа сай ету мәселесі талқыланды

0
694

Қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі.


Түркістанда базарларды талапқа сай ету мәселесі талқыланды

Түркістанның базарларын заман талабына сай жаңғырту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында базарларды талапқа сай ету, қызмет сапасын жақсарту мәселелері талқыланған кеңес өтті. Кәсіпкерлермен кездесу сауда нысандарының жағдайы, қызмет көрсету сапасы мен тұтынушыларға қолайлы орта қалыптастыру төңірегінде өрбіді.


Түркістан қаласында қазіргі таңда жалпы алаңы 153,9 мың шаршы метрді құрайтын ірі 12 сауда орны (5 базар, 7 сауда қатары) тұрақты қызмет көрсетуде. Мұндағы сауда орындарының саны — 3307. Басты мәселе — тазалық. Сонымен қатар ретсіз сауда орындарын жою, санитарлық талаптардың және өрт қауіпсіздігінің сақталуы, көлік қатынастарын реттеу жайы зерделенді.


«Базар, сауда қатарлары қала келбетін құрушы негізгі нысандардың бірі екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала қонақтары мәдени-рухани демалыстан соң, көбіне базарларға барады. Сондықтан ұсынылатын қызмет деңгейі мен сапасы Түркістан туралы пікір қалыптастыруға әсер ететінін назарға алып, жұмыс істеуіміз қажет. Сонымен қатар азық-түлік бағасының тұрақтылығына да баса мән берілгені жөн. Талап сұранысқа сай қалыптасады», — деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.


Сондай-ақ, кездесуде кәсіпкерлер ұсыныстар мен ескертпелерге сай жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылып, қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізетіні де ескертілді.