Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде хазрет Түркістанға келді.
Түркістанда бес елдің бас мүфтиі бас қосқан келелі кеңес өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанға Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде хазрет келді. Арнайы сапармен келген қонақты облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов әуежайдан қарсы алды. Ал, ертең Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталады.
Келелі кеңеске Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Али Ербаш хазрет, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Наиб мүфти Хомиджон Ишматбеков, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Замир Ракиев хазрет те келді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аталған іс-шараның модераторы болады.