Жеңімпаз 10 миллион теңге сыйлыққа және өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.
Түркістанда "Central Asia's Got Talent" шоу-байқауының екінші кезеңі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл жоба - Орталық Азияның талантты азаматтарын тануға арналған. Іріктеу Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Әзірбайжан сияқты бес елде өтетін болады.
Шоудың бірегейлігі – мұнда ешқандай шектеулер қойылмаған. Қатысушылар өз таланттарын кез-келген жаста және кез-келген жанрда көрсете алады. Жобаның түсіру алаңынан эксклюзивті материалдар әлеуметтік желілерде жарияланады. Шоудың екінші маусымының жеңімпазы 10 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа және өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болады.
Бес елдің қатысушылары Түркістан қаласына келіп, жобаның барлық кезеңдерін өткізеді. Байқау 6 кезеңнен тұрады. Қазылар алқасының құрамында Орталық Азияның танымал, беделді және әйгілі адамдары болады.
Атап айтқанда, танымал телевизиялық шоулардың продюсері және жүргізушісі, "Central Asia's Got Talent" жобасының бас продюсері – Серік Ақышев; актриса, әнші және «Азия Микс» КВН командасының мүшесі – Ситора Фармонова және танымал блогер Ерболат Жанабыловтар бар. "Got Talent" - продюсер Саймон Коуэлл жасаған британдық "Fremantle" компаниясының өнімі.
Бүгінгі таңда шоу әлемнің 70-тен астам елінде көрсетіледі. "Got Talent" форматы Гиннестің Рекордтар кітабына әлемдегі ең сәтті шынайы шоу ретінде енгізілген.