Түркістанда депутаттардың I облыстық форумы өтті

0
725

Форумда панельдік сессиялардың жұмысы талқыланып, салалық басқарма басшылары депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жауап берді.


Түркістанда депутаттардың I облыстық форумы өтті

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумы өтті. Басқосуға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Абишов, партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева, Түркістан облыстық және 17 аудан мен қалалық мәслихаттардағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысты.


Жиында сөз алған облыс әкімі Дархан Сатыбалды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан реформаларға тоқталды.


«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде экономикалық және саяси реформалар жүзеге асуда. Биыл Мәжіліс және мәслихат сайлауында тұрғындарымыз белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Сайлаушылардың көпшілігі «Аманат» партиясының өкілдерін таңдады. Бұл – жетекші партияға деген ел сенімі. Күрделі саяси кезеңдерді Түркістандықтар бірлігін сақтап, абыроймен атқара білді. Алғаш рет биыл 5 қараша күні пилоттық режимде 4 аудан әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылып, жауапты лауазымға халықтың таңдауындағы азаматтар келді. Сонымен бірге аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және ауылдық округтердің 45 әкімі сайланды. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әкімдердің халықпен кездесулері жаңа форматта өтуде. Қоғаммен диалог нығайды. Қабылданған реформалардың барлығы – мемлекеттік басқарудағы шешім қабылдау процессіне азаматтардың қатысу мүмкіндігін арттырып отыр. Біз өңір халқымен тұрақты түрде кездесіп жүрміз. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелер ең жиі көтерілетін сұрақтар. Әрине, бұл сұрақтардың барлығы бюджеттен қомақты қаржыны талап етеді. Дегенмен, қаржының мүмкіншілігіне қарай бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Басты міндетіміз – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар тізе қосып жұмыс істесе, өңір дамиды. Ел Президентінің саяси реформалары елімізді өзгерістерге бастап, нақты жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта бірлесіп еңбек етеміз. Бәріміздің мақсатымыз – елге қызмет ету!», – деді Дархан Сатыбалды.


Форумда панельдік сессиялардың жұмысы талқыланып, салалық басқарма басшылары депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жауап берді.


Форумның негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі депутаттардың мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылы үшін, сондай-ақ өз қызметін жүзеге асыру кезінде тиімділікті арттыру үшін өкілді билікті дамыту. Түркістан облысының өкілді және атқарушы мемлекетік билік тармақтарының өзара ықпалдастығын арттыру міндетін мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі тиімді байланыс орнықтыруға ықпал етпек.


Жиын соңында форумға қатысушылар облыс әкімі орынбасарларының модераторлығымен өтетін панельдік сессияларға қатысып, өзекті мәселелерді талқылады.


Айта кетейік, 2022 жылдың маусым айында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Астана қаласында алғаш рет барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Тәжірибе мен идеялармен бөлісудің тиімді алаңы, өзекті сауалдарға жауап алу мінбері, атқарушы мемлекеттік органдармен сындарлы диалог орнықтыруға мүмкіндік беретін кері байланыс арнасы болып бекіген форум тиімділігін көрсетіп, оң тәжірибені республиканың барлық өңірлерінде іске асыру тапсырылған болатын.