Түркістанда ерекше саябақ ашылды

0
650

Саябақтың бір ерекшелігі – республика аумағындағы қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтайшалары орнатылған.


Түркістанда ерекше саябақ ашылды

Түркістан қаласында «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, жергілікті атқарушы органның қолдауымен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды. Жаңа саябақты ашудағы басты мақсат – жастар арасындағы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, лудоманияға қарсы күрес және қасиетті қаланың көркеюне үлес қосу.


Жиынды Департамент басшысы Ерболат Балғабаев ашып, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев саябақтың ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар департамент басшысы «Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлік қозғалысының» жетекшісі Пердебек Есқұловқа салтанатты түрде қозғалыстың туын табыстады.


Саябаққа Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жолдаған көшет егілді. Еліміздің 20 өңірінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сыйға тартқан ағаш көшеттері де саябақтың көркеюіне өз үлесін қосты. Саябақтың бір ерекшелігі – республика аумағындағы қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтайшалары орнатылған.


Шараға Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, облыс аумағындағы құқық-қорғау органдарының басшылары, Қызылорда облысы және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшылары, белсенді жастар арнайы қатысып, естелікке ағаш көшетін отырғызды. Шара соңында Түркістаның мәдениет саласындағы мақтаныштары «Jana Lep» тобы өз өнерін көрсетті.