Түркістанда «Halyk Bank» филиалының жаңа ғимараты ашылды

0
902

Тұрғындар банкке қатысты барлық қызметті заманауи кеңседен ала алады.


Түркістанда «Halyk Bank» филиалының жаңа ғимараты ашылды

Бүгін Түркістанда «Halyk Bank» АҚ Түркістан облыстық филиалының жаңа заманауи ғимараты ресми түрде ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, аталған банк басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова мен оның орынбасарлары Жұмабек Мамутов пен Дәурен Сартаев қатысты.


Енді Түркістанда тұратын ірі бизнес өкілдеріне, жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларға Шымкентке барудың қажеті жоқ – олар банкке қатысты барлық қызметті Түркістанның орталығында орналасқан заманауи кең кеңседен ала алады.


Айта кетсек, Түркістан облысы құрылып, оның әкімшілік орталығы Түркістанға ауыстырыла салысымен «Halyk Bank» 2019 жылдың мамыр айында алғашқылардың бірі болып аймақтағы облыстық филиалын ашқан. Бүгінгі күні Түркістан облысы тұрғындар саны бойынша республикада екінші орында тұр. Өңірде 2 миллионнан астам адам тұрады. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымына 14 аудан және облыстық бағыныстағы 3 қала кіреді. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны шамамен 140 мыңды құрады, ал 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар саны 217 мыңнан асқан.


"Банк жүйесі – нарықтық экономиканың ажырамас бөлігі. Оның қызметі мен рөлі салымдар мен инвестицияларды басқарумен, несиелік және басқа қаржылық операциялармен тығыз байланысты. Сонымен қатар банк шағын және орта бизнестің дамуына үлкен үлес қосуда. Мысал ретінде мынадай фактіні келтірейін: «Halyk Bank» облыс кәсіпкерлерін қолдауға 130 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Бүгін Түркістанда банктің облыстық филиалының жаңа заманауи ғимараты салтанатты түрде ашылуда. Жаңа ғимаратты ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту деп санаймын. Бүгінгі таңда банктің 30-дан астам бөлімшесі біздің өңірдегі әрбір тұтынушыға сапалы және лайықты қызмет көрсетеді", – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.


«Halyk Bank» Түркістан облысын экономикалық қуатты, қолайлы және заманауи өңірлік орталыққа айналдыру жөніндегі мемлекеттік бастамаларды қолдайды. Облыстық филиалдың жаңа ғимаратын ашу арқылы біз өзіміздің онлайн-сервистеріміз бен қызмет көрсету саласын инвестициялай отырып, қызметкерлеріміз бен клиенттеріміз үшін ең жақсы жағдайды жасауға дайын екенімізді көрсетеміз", – деп атап өтті «Halyk Bank» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.


Сондай-ақ «Halyk Bank» жетекшісі Түркістан филиалының 2,5 жылдық жұмысының қорытындылары туралы айтып, осы кезеңде барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсім байқалғанын атап өтті. 2021 жылдың қортындысы бойынша облыстағы банкоматтар саны 254-ке жетті, ал карталарды белсенді ұстаушылар саны Түркістан облысы бойынша барлық қолданыстағы карталардың жалпы санының 53%-ын құрайды. Жеке тұлғаларға несие беру бойынша филиал қоржыны 132 млрд. теңгені немесе облыстың барлық кредиттік қоржынының 65%-дан астамын құрады. Депозиттік портфель 43 млрд. теңгеге жетті. Бұл – өңірдің депозиттік портфелінің жартысына жуығы. Түркістан облысы бойынша «Halyk Homebank» мобильді қосымшасын белсенді қолданушылар саны 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 1 желтоқсаны аралығында 17,5 есеге артты.

Ал, шағын және орта бизнесті қолдау аясында Банктің Түркістан облыстық филиалы биыл «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9,075 млрд. теңге сомасына 435 субсидияланған қарыз берді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биыл облыс бойынша 6,1 млрд. теңге сомасына 6 жоба қаржыландырылса, цифрлық несиелеу бағдарламасы бойынша жалпы 1,6 млрд. теңге сомасында 430-дан астам несие берілді. 2021 жылы ШОБ бойынша филиалдың несие қоржынының жалпы өсімі 68%-ды құраған.