IT-білім берумен қатар, Business Inkubator сияқты орталықтарды ашу арқылы студенттерге бизнесті басқару дағдылары мен технологиялық инновацияларды дамытып, кәсіпкерлікке жол ашары сөзсіз.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды СДУ университетінің ректоры Әлімжан Игенбаевпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Түркістан IT университетін» құру туралы келіссөздер жүргізілді. Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды СДУ университетінің ректоры Әлімжан Игенбаевпен кездесіп, облыс орталығында жоғары оқу орнының үлгісімен IT университетін ашу жобасын талқылады.
IT университетінің ашылуы аймақтағы технология мен білімге негізделген экономиканың дамуына ықпал етіп қана қоймай, жұмыс орындарының өсуіне және өңірдегі технология саласының дамуына септігін тигізбек. IT-білім берумен қатар, Business Inkubator сияқты орталықтарды ашу арқылы студенттерге бизнесті басқару дағдылары мен технологиялық инновацияларды дамытып, кәсіпкерлікке жол ашары сөзсіз.
«Облысымызда жастардың білімін жетілдіру, олардың алысқа кетпей-ақ сапалы білім алуына мүмкіндік жасау біздің басты басымдықтарымыздың бірі болып саналады. Түркістан облысы жастар саны бойынша да республикада көшбасшылар қатарында. Бұл бастама облысымыздың және жақын орналасқан басқа да, қалалардағы жастардың жоғары білім алып, ел игілігі үшін еңбек етеді деп сенемін. Қазіргі заманда жаңа технологияны жетік меңгеру – заман талабы. Сондықтан осы бағытты күшейтуге күш салынады», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
SPT (SDU Proficiency test) – еліміздегі алғашқы жеке жоғары оқу орны. Университет басшылығының айтуынша, онда 8500-ден астам студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Сонымен қатар оқу ордасында 500-ге жуық профессор жұмыс істейді. Университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.
Түркістанда ІТ университетін құру идеясы – үлкен мүмкіндіктерге жол ашады дейді жиынға қатысушылар. Олардың айтуынша алғашқы 4 жылда болжамды түрде 2000 студент оқиды. Студенттер үшін жатақхана мен оқу блоктарын қоса алғанда қажетті нысан құрылысын жоспарлау ұсынылады. Мұнда әлемдік стандартқа сай білім алу үшін 3 тілді оқыту жүйесі қолданылады. Ақпараттық технологиялардың көптеген қосалқы салалары бар және олар үнемі дамып отырады. Сонымен қатар IT саласының Software development, Networking and Security, Artificial Intelligence and Machine Learning, Game Development, İnternet of Things (IoT), Cloud Computing сынды негізгі бағыттары қамтылады.
Жиында сондай-ақ аталған идеяның артықшылықтары да жан-жақты сараланды. Технология мен экономика саласындағы білімді дамытуға ықпал етеді, жұмыспен қамту мүмкіндіктері артады. IT университеті инновациялық жүйе мен кәсіпкерлікті жаңа сатыға көтереді. Аймақтың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өңірдің халықаралық деңгейде танылуына септігін тигізеді. Осылайша жоғары білім деңгейінің көтерілуіне негіз болмақ.
Жалпы соңғы жылдары Түркістан қаласынан шетелдік үлгідегі жоғарғы оқу орнын ашу жобалары жиі талқыланып келеді. ІТ университетін құру идеясы алдағы уақытта сол жобаның бірі ретінде қарастырылады.