Түркістанда Қазақстанның үздік тауарлары анықталды

0
754

80-нен астам тауар өндіруші қатысты.


Түркістанда Қазақстанның үздік тауарлары анықталды

Түркістанда «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау - көрмесінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқау-көрмесі өтті. Көрмеге азық-түлік, машина жасау, химия, қолөнершілер, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының 80-нен астам тауар өндірушілері қатысты. Отандық өнімдерді қолдау мен отандық өндірісті дамыту, халық арасында сапа идеясын насихаттау мақсатындағы көрме-байқауға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, өңір тауарөндірушілерінің жұмысын жоғары бағалады.


«Бүгін біз Сіздермен бірге өзіміздің жергілікті тауарөндірушілердің көрмесін тамашаладық. Көрмеге қатысушы кәсіпорындармен таныспын. Олардың шығаратын өнімдері тұтынушылар арасында жақсы сұраныста. Түркістан өңірі аграрлық өлке болғандықтан, көптеген кәсіпорындар тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс жасайды. Бизнесті қолдау Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Бүгінгі күні кәсіпкерлерді қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық қолдау бойынша өңірде арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақтар жұмыс жасайды. Алда өндірістік аймақ құрамыз. Біздің негізгі мақсатымыз - өндіріс орындарын арттыру. Әкімдік осы бағыттағы бастамаларыңызды қолдауға дайын. Оған мен өзім кепіл беремін. Бүгінгі өңірлік байқауға қатысып отырған әрбір кәсіпорын жүлдеге лайық. Жеңімпаздарға алдағы республикалық байқауда сәттілік тілеймін», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


Сараптамалық комиссия «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтады. Өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі - басты талап.


Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, Арыс қаласындағы поливинилхлорид түйіршіктері мен қоспасын шығаратын «Mega-Agat agro» ЖШС және керамикалық кірпіш шығару бойынша оңтүстік аймақта көш бастап келетін BATSU кірпіш зауыты жеңіске жетті.


Төлеби ауданындағы «Балмұздақ» ЖШС, Сарыағаш ауданындағы «Алекс-Сарыағаш» минералды су шығару зауыты және Түлкібас ауданында орналасқан жоғары сападағы экологиялық таза сүттен жасалатын «Майлыкент-сүт» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында топ жарды.


«Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша минералды табиғи су шығаратын «Бекзат Бақ» ЖШС, «Asia Brand» ЖК жиһаз компаниясы және аяқ киім фабрикасы «Арай» ӨК жеңімпаз атанды.


«Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды. Өңірлік іріктеу жеңімпаздары Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен жыл соңында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысады.


Сондай-ақ шара барысында «Мен кәсіпкер» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтеді. «Бір ауыл-бір өнім» – оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру.


Жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады. Салтанатты шара елімізге танымал өнер жұлдыздарының концертімен жалғасты.