Түркістанда республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті

0
615

Еліміздің әр аймағынан келген 200-ден астам жас бақ сынады.


Түркістанда республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті

Түркістан облысының орталығында республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойыны өтті. Жеңімпаздарды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды марапаттады.


Облыстық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген шараның мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын ояту арқылы білім деңгейін көтеру. Интеллектуалды ортаны қалыптастыру, жастар арасында ораторлық мәдениетті қалыптастыру бағытында ұйымдастырылған сайысқа 50-ге жуық команда қатысты. Оның ішінде Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келген 200-ден астам жас бақ сынады.


Ойынның іріктеу кезеңінде өзара мықтыны анықтаған командалар, тартысқа толы ойынның көркін қыздырды. Түркістан төрінде нағыз білімді жастардың басын қосқан бұл сайыс, көрермендерге де тамаша көңіл-күй сыйлады. Сайыстың екінші кезеңіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жастарға сәттілік тіледі.


"Тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан интеллектуалды сайыс биыл Түркістанда республика көлемінде ұйымдастырылып жатыр. Бұл сайыс Түркістан қаласын «Интеллектуалды қала» ретінде жаңа бағытпен өркендетуге септігін тигізеді. Жастардың арасында зияткер буын қалыптастыру, өзге мемлекеттің жастарымен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Al-Farabi» интеллектуалды сайысын халықаралық деңгейде өткізу қажет деп есептеймін. Президентіміз Үкіметке жас ғалымдарды қолдау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау жөнінде тапсырмалар берген болатын. Демек, қазір елімізде зияткер жастарды қалыптастыру үдерісі қарқын алды деуге негіз бар. Жастардың сапалы білім алып, спортпен, өнермен шұғылданып, кәсіби маман атанып, мүмкіндіктерді мүлт жібермей еліміздің дамуына өз үлестерін қосуы – біз үшін ерекше маңызды. Алдағы уақытта да зияткерлік сайыстар ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын", – деді Дархан Сатыбалды.



Атап өтейік, 50-ге жуық команда арасынан ширек финалға өткен 9 команда шықты. Олардың төртеуі финалдық кезеңнің жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде бірінші орынды Бәйдібек ауданының «BBC» командасы жеңіп алды. Екінші орынға Алматыдан келген «Oilike team» командасы ие болса, үшінші орынды Шымкенттің «Әл-Фараби» командасы еншіледі. Төртінші орынға Түркістанның «Key To Life» командасы ие болды. I орын алған командаға 500 000 теңге, II орынға 300 000 теңге және III орын иегерлеріне 200 000 теңге қаржылай сыйлық берілді.


Сонымен қатар «Үздік білімгер» номинациялары бойынша 1-орынға 150 000 теңге, 2-орынға 100 000 теңге, 3-орын иегеріне 50 000 теңге қаржылай сыйлық берілді. 10-нан аса командаға ынталандыру қаржылай сыйлықтары тапсырылды. Түркістан өңірінің жастары білім саласында ғана емес, спорт, мәдениет салаларында да әлемдік жарыстарда биік белестерді бағындыруда.


Биыл өңірдің 10 спортшысы әлем чемпионаттары мен кубоктарында 1-ші орын иеленді, 5 спортшы 2-ші орынды, 2 спортшы 3-ші орынға ие болды.