Түркістанда республикалық «Jaidarman» ойыны өтті

0
169

11 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.


Түркістанда республикалық «Jaidarman» ойыны өтті

Түркістан облысы әкімінің кубогіне арналған республикалық «Jaidarman» ойыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «25 қазан – Республика күніне» орай Түркістан облысы әкімінің кубогіне арналған республикалық «Jaidarman» ойыны өтті. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.


– Еліміздің ең ұлы мейрамы Республика күніне орай өткізіліп отырған «Жайдарман» ойынына қош келдіңіздер. Түркістан – тарихи орталық қана емес, креативті, талантты жастардың ордасы. Өңірде белсенді, шығармашыл жастар өте көп. «Жайдарман» – көрермен мен жастарды біріктіретін сәтті жоба. Үлкен қозғалыс. Елімізің түкпір-түкпірінен келген жастардың бір сахнада өнер көрсетуі – үлкен көрсеткіш, бірліктің белгісі. Біз жастарды қолдаймыз және жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Барша командаға сәттілік тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.


Жас таланттарды таныту, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және елімізде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған өнер додасын Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ Президенті Есентүгел Елеукен жүргізді. Сайыста еліміздің әр өңірінен келген және жергілікті жастардан құралған 11 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.


Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команданың өнерін сараптап, таңдаған тақырыптары мен әзілдерінің мазмұны, оны көрерменге жеткізе білу ерекшеліктерін жан-жақты талқылап, командалардың ерекше тұстарын атап өтті.


Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл өнер додасында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Орал қаласынан келген «Талант» командасы иеленіп, 1 миллион теңгені қанжылады. II орыннан Алматы қаласынан келген «Эверест» командасы көрініп, 500 мың теңгені еншілесе, Түркістан облысының «Ақбұлақ» командасы III орынды місе тұтып, 300 мың теңге сыйақыға ие болды. Тартысты доданың қатысушы командаларына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.


Айта кетейік, биыл қазақ тілді «Жайдарманға» 25 жыл толып отыр. Республикалық деңгейде «Жайдарман» сайысы облысымызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда өңірде 142 жайдарман командасы бар. Облыс көлемінде биыл жастардың қатысуымен 534 «Жайдарман» ойыны өткізілді.

Бөлісу