Түркістанда тарихшылар мен зиялылар бас қосты

0
697

"Күш атасы — Қажымұқан" кітабының таныстырылымы өтті.


Түркістанда тарихшылар мен зиялылар бас қосты

Түркістан қаласында тарихшылар мен зиялылар бас қосқан жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақтың тұңғыш кәсіпқой палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі үш тілде баяндалған "Күш атасы — Қажымұқан" кітабының таныстырылымын Түркістан облысы Жазушылар Одағының төрағасы Айдар Сейдазым ашып жүргізді.


Бұл кітаптың бастамашысы — Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған марқұм Қосман Қайыртайұлы еді. Идеяны Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қолға алып, аманатты аяғына дейін жеткізді.


"Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы — кейінгі ұрпаққа үлгі. Біз осындай тарихи тұлғаларымыздың ғұмырын насихаттау арқылы кейінгі ұрпақты дұрыс жолға бағыттауымыз керек. Бүгінгі жиынымыздың негізгі мақсаты да осы", - деді конференцияны ашқан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы.


Балуан өмірін терең зерттеп жүрген отырарлық Бекжан Бейсенбай тың деректермен бөлісті. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі Нұрлан Айдарханұлы, шөбересі Меруерт Ескермес сөз алып, конференцияның мәніне тоқталды. Жаңа кітап талқыланған жиында кітаптың қашан да рухани мұра ретінде сақталып, тарихты қалыптастыруда алатын орны туралы пікірлер, ойлар айтылды.


Іс-шара аясында ақын-сазгер Құрманәлі Жылқыбайдың Қажымұқанға арнаған әні шырқалып, жиынға қатысушылардың көңілін серпілтті.


Қала әкімі ұлыларды ұлықтау шаралары киелі Түркістанда тұрақты жалғасатынын айтып, жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.