Түркістанда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты аяқталды

0
775

Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыстан командалар қатысты.


Түркістанда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты аяқталды

Түркістанда тоғызқұмалақтан рапид және блиц сайыстары бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан рапид және блиц сайыстары бойынша Қазақстан чемпионаты аяқталды. Халықаралық туризм және меймандостық университетінде өткен дүбірлі сынға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 12 облыстан командалар қатысты.


Тартысты бәсекелер нәтижесінде рапид сайысы бойынша ерлер арасында павлодарлық Ринат Керейбаев чемпион атанды. Екінші орынға ақтөбелік Азамат Қайдаров ие болса, қола жүлделер Нұрбол Әлдибай (Жамбыл) мен Биғали Зкриаевке (Астана) бұйырды. Әйелдер арасында Шымкент қаласының спортшысы Салтанат Сапарбекова чемпион атанды.


Павлодарлық Жамиля Баилдяшева екінші орынға ие болса, Аңсаған Қожанәсіп (Қарағанды) мен Ақерке Кенжебекова (Қызылорда) қола медальдарды еншіледі.


Блиц бәсекесінде алматылық Рахат Айтбаев жеңімпаз болды. Павлодарлық Жанат Қаймулдин екінші орынды еншілесе, қола жүлделерді Ғалымжан Темірбаев (Шымкент) пен Диас Жанбау (Ақтөбе) жеңіп алды. Әйелдер арасында шымкенттік Салтанат Сапарбекова топ жарып, екінші алтын медалін олжалады. Павлодардан келген Жамиля Баилдяшева кезекті күміс жүлдесін еншілесе, Гүлнара Базаралиева (Астана) мен Жансая Смаилова (Қостанай) үшінші орындарды бөлісті.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев пен Халықаралық туризм және меймандостық университетінің деканы Жақсылық Махмұтұлы және тоғызқұмалақтан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Абдикаримов марапаттады.