​Түркістанда Тұңғыш Президенті күніне орай "Елбасы - елдің тірегі" атты кездесу өтті

0
2 064

"Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы шын мәнінде мақала емес. Ол рухани құндылықтар мен мұраларымыздың бетін ашып, тарихи қалпын терең ұғыныруға арналған нақты бағдарлама".


​Түркістанда Тұңғыш Президенті күніне орай

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай "Елбасы - елдің тірегі" атты музей ардагерлері және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шараға Түркістан қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, Елбасының курстас досы А.Каримов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетов, әдебиет сыншысы, ғалым Қ.Ергөбек сынды көптеген зиялы қауым өкілдері қатысып, Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түркі жұртының ортақ шаңырағы Түркістан қаласы үшін де сіңірген еңбегі жөнінде ой бөлісті.

- Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз бен дініміз, діліміз қайта оралса, қазақ хандары мен сұлтандары, би-болыстары жерленіп, мәңгілік дамыл тапқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен топырағы да төрткүл дүние алдында тарихи келбетін сақтап, исі мұсылман халқының бас иген орталығы қалпын жандандырды. Елбасы Түркістан өңіріне әр келген сапарында бабалар рухына тағзым етіп, тұлғалардың тамырлы тарихын көптеген маңызды стратегиясы басым шешімдер аясында ұрпақ баласына тарихи мұра ретінде қалдырғаны белгілі. Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламасының мәнін тереңдей аша түскен бір-бірімен сабақтас дүниеге айналғаны қуантты. Енді музей саласын жандандыру бағыттарында да көптеген айрықша істер атқарылатыны сөзсіз, - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас редакторы Әбдікерім Манапов.

Кездесу барысында Елбасының сарабдал саясаты аясында жүзеге асқан тарихи шешімдердің, Түркістанға сапары, киелі шаһардың облыс орталығы атауы жолындағы маңызды қадамдар жөнінде пікірлер білдіріліп, жиынға қатысушы жастарға үлгі-өнегелі әңгімелер айтылды.

- Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы шын мәнінде мақала емес. Ол рухани құндылықтар мен мұраларымыздың бетін ашып, тарихи қалпын терең ұғыныруға арналған нақты бағдарлама. Мақала - татулығы берік түркі жұртының ұлы даламен ұштасқан тарихын түгендеп, санаға сілкініс сыйлаған ұлы қазыналы бастама. Тұлғалар тізімін тізбектеп, ұлы жолдың тарих парақтарын түгендеген жаңа бастама көптеген жайтты айқындап беріп отыр, - деді әдебиет сыншысы, ғалым Қ.Ергөбек.

Сонымен қатар, шара аясында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі атынан Түркістан қаласындағы №1 А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің ата-анасыз және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына қыстық аяқкиім табыстады.

Басқосу барысында Елбасының курстас досы, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әсетулла Каримов, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, Түркістан қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Райым Қошқаров және музейді дамытуға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарға "Қорық музейге 40 жыл" мерекелік медалдары тапсырылды.

Дереккөз: "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі