Түркістанда тұрғындарды алдап, ақша жымқырып жүрген азаматша ұсталды

0
1 147

Жәбірленушілерге келген шығын көлемі бір миллион теңгеден аса қаржыны құрайды.


Түркістанда тұрғындарды алдап, ақша жымқырып жүрген азаматша ұсталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Полицейлер Түркістанда бір қатар алаяқтық жасаған әйелді құрықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық Полиция басқармасына Түркістан қаласының тұрғыны субсидия алып беремін деп сенімге кіріп, ақшаларын алаяқтық жолмен иеленген белгісіз тұлға туралы арызданған. Жәбірленушінің хабарлауынша, алаяқ мемлекеттік бағдарлама бойынша ақша алуға көмек берем деген жалған уәдемен оның 35 мыңнан 45 мыңға дейін ақшасын жымқырған. Орын алған жайтты полицейлер ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады. Қазір күдіктіге алаяқтыққа қатысты 4 дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Тағы бір жағдаймен күдікті танысының сеніміне кіріп, алдау жолымен оның 400 мың теңгелік алтын бұйымын қолды қылған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі бір миллионнан аса теңгені құрайды.

Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

дереккөз: Түркістан облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі