Түркістанда «Ұлттық құндылықтарымыздың рухани жаңғыруы» көрмесі өтті

0
1 873

​Оқушылар Тайқазан мен қақпаның сырын ұғынды.


Түркістанда «Ұлттық құндылықтарымыздың рухани жаңғыруы» көрмесі өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің ұйымдастырумен Түркістан қаласындағы М. Мәметова және №19 жалпы орта мектептерінде «Ұлттық құндылықтарымыздың рухани жаңғыруы» көрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шара аясында шәкірттер музей қызметкерлері Оразов Талғат пен Берікбай Абдрасиловтің Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты музей қорындағы тарихи мұралар және кесене ғимаратының архитектурасы мен құрылымы, онда сақталған кұнды жәдігерлер жайында лекциясын тыңдады.

Жыл басынан бері қаланың барлық білім ұяларында жоспарға сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқан шараның мақсаты- сан ғасырлық тарихы бар, барша түркі жұрты бас иген Қожа Ахмет Ясауи өмірі мен ұлағатты үлгі-өнегесін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, мұралар тарихымен арнайы таныстырып, туған жер мен елдің қадіріне сүйіспеншілікпен қарауға үлес қосу, кесене мен онда жерленген тұлғалардың мәңгілік ізін ұғындыру.Осы орайда мамандардың мағлұматын тыңдап, аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерге де қызыға құлақ түрген оқушылар көрмеге келген туындылардың сыры мен құпиясына үңілді.
Әсіресе, кесененің Қазандақ бөлмесінің есігі жайлы ақпаратқа ынтыққан жасөспірімдер қақпаны безендірген өсімдік тектес оюлармен қатар ондағы терең мәнді сөздердің мәнін түсінді. Сондай-ақ, Тайқазанның сыртқы безендірілуінде де тек қазақи нақыштар емес, түрлі араб жазуы арқылы Құран аяттары мен пайғамбар хадистері жазылғандығы туралы мәлімет оқушыларға айрықша рух сыйлағандай.

- Ғасырдан-ғасырға мұра болып келе жатқан төл тарихымыздың, мәңгілік мұрамыз бен мұратымыздың дәлелі - қолда бар жәдігерлеріміз. Бұл бастама өзге де білім ұяларында жалғасын табады. Біздің келешегіміз-бүгінгі ұрпақ. Кесенеге және кесене аумағындағы тарихи орындар мен тұлғалар, төл мұралары жайлы мағлұматты барынша насихаттап, жас санаға сіңіру тарихымызға құрметпен қарауға тәрбиелейтіні сөзсіз. Оған бүгін тағы да көз жеткіздік. Қақпа мен тайқазан зат түріндегі тарихи жәдігерлер емес, қойнауы қаншама сыр мен мән-мағынаға толы екендігін біліп, қызыққандарына ерекше қуандым. Тіпті, ертең кесенеге арнайы келіп, жәдігерлерді көзбен көріп, танысуға сұранып жатыр. Бүгінгі бір сағат ішінде алған мәліметтер аясында оқушылар төл тарихымыздың беттерін қызыға парақтайтынына сенемін", - деді музей қызметкері Талғат Оразов.

Айта кетсек, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында Қожа Ахмет Ясауи және хан-сұлтандар мен би-болыстар және олардың төл мұралары, нумизматика мен археологиялық қазба жұмыстарынан табылған түрлі тарихи кезеңдерді айғақтайтыын 25 мыңға жуық жәдігер бар. Тарих танымдарын таныстыру мақсатында кесене мен мектептерде арнайы көрмелер жиі ұйымдастырылуда.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі