Түркістанда X-XI ғасырдағы моншаның орны табылды

0
2 104

Үш-төрт бөлмеден тұратын нысанның әр бөлмесінде шомылуға арналған орындар анықталған.


Түркістанда X-XI ғасырдағы моншаның орны табылды

Түркістанда археологиялық қазба жұмыстары кезінде X-XI ғасырда салынған моншаның орны табылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Археологтардың айтуынша, Түркістанның оңтүстігінде орналасқан «Шойтөбе» көне қалашығында моншаның бір бөлігі ғана ашылып отыр. Үш-төрт бөлмеден тұратын нысанның әр бөлмесінде шомылуға арналған орындар анықталған. Соңғы бөлмеден лас суды сыртқа шығаратын екі кәріз құбыры жүргізілген. Археологтар диаметрі 20-25 сантиметр, ұзындығы 50 см болатын 15 құбырды қазып алынған. Сондай-ақ моншаның орнынан тиындар мен киім түймелері табылған. Құнды дүниелер қазір мұражайға тапсырылып отыр. Ал құбырлар сараптама орталығына жіберілді.

«Табылған кәріз құбырларының барлығы бір деңгейлес. Өз заманында лас су осы жүйемен қаланың іргесіне шығарылып отырған. Бір қызығы сол кезеңдегі судың құрамында қандай да бір минералдың болғаны анықталды. Себебі, құбыр ішінен минералды заттың ізі қалған»,- дейді Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Смағұлов.

Мамандардың сөзінше, бұған дейін мұндай құбырлар Сығанақ пен Отырар қалашықтарынан қазып алынған. Айта кетейік, «Шойтөбе» көне қалашығы мемлекет қарауына алынған. Ежелгі атауы - Шауғар. Түркістаннан небәрі жеті шақырым жерде орналасқан.