Түркістанда жаңа тораптық зауыт салынады

0
502

Жылына 15 000 тонна полимерлі құбырлар мен пластмассадан жасалған бұйымдар және тамшылатып суаруға арналған таспалар жасалады.


Түркістанда жаңа тораптық зауыт салынады

Түркістан қаласында құрылыс материалдарын шығаратын ірі тораптық зауыт құрылысының капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында құрылыс материалдарын шығаратын ірі тораптық зауыт құрылысының капсула салу рәсімі өтті.


«BAS POLIMER» компаниясы қолға алған жалпы сомасы 2,5 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнында жылына 15 000 тонна полимерлі құбырлар мен пластмассадан жасалған бұйымдар және тамшылатып суаруға арналған таспалар жасалады. Жаңа жобаның іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.


Шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығын айта келе, жаңа кәсіпорын іске қосылғанда импортқа тәуелділік азайып, отандық өнімнің үлесі артатынын атап өтті. Өңір басшысы Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанына тоқталып, өндірісті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға бағытталған жобаларды бірлесіп атқаруға дайын екенін жеткізді.


"Өңдеу өнеркәсібін дамыту – біздің басты бағыттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті дамытуға зор мүмкіндік бар. Жұмыс күші де, инвесторларға арналған қолдау да жеткілікті. Жаңа кәсіпорын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді деп сенемін", – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.


«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында іргетасы қаланған компанияның құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде. Осы арқылы бастапқыда 100-ге жуық түркістандық тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс толықтай автоматтандырылған. Жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытта шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Сұраныс пен өндіріс қуаттылығына сай жұмысшылар саны артуы мүмкін.


Зауыттың өнімдері Қазақстаннан бөлек көршілес мемлекеттерге де экспортталады.