«Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы бекітіліп, бүгінде үшінші кезеңі жүзеге асып жатыр.
Түркістанда «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форум өтті. Жастардың қоғамдағы орны қаншалықты маңызды екенін, қандай жауапкершілік жүктейтінін, қауіпсіз қоғам құрудың маңызын ұқтыруды көздеген басқосуды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков ашып берді. Сондай-ақ облыс орталығында 14 пен 35 жас аралығындағы жастар 70 256 екенін, бұл қала тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігін құрайтынын жеткізді. Қаламыздың рухани астанаға айналуында жастарға жүктелер міндет салмақты екенін тілге тиек еткен шаһар басшысы, еңбек пен білімнің және тәрбиенің маңыздылығын тарқатып өтті.
Форумға Астана, Алматы қаласынан арнайы шақырылған спикерлер, мемлекеттік органдардың басшылары, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев пен қалалық мәслихат депутаттары, мұғалімдер мен спорт мектептерінің жаттықтырушылары, белсенді жастар қатысты.
Қала прокуроры Каукен Нәрікбаев өз кезегінде 2019 жылдан бастап «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы бекітіліп, бүгінде үшінші кезеңі жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бағдарлама аясында зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету жөніндегі «Дағдарыс» орталығы құрылған, мектептер бейнекамералармен, ішкі санитарлық жүйемен қамтамасыз етілген. Жол қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, мектептерде құқық қорғау, төтенше жағдайлар, медицина, психолог мамандарының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылған.
Шара барысында Түркістан қаласының полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев қаладағы қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар заңды білмеу – жауапкершіліктен құтқармайтынын жеткізді.
Форумға спикер ретінде шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов, кәсіпкер, ҚР «Qazaqstan team» жастар бірлестігінің жетекшісі, ұлттық Құрылтайдың мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Олжас Сүлейменов, ақын, жазушы, аудармашы Абай Қалшабек арнайы түрік әлемінің рухани-мәдени орталығы атанған Түркістанды еліміздегі ең қауіпсіз қоғам ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізді. Жастарды білімге құштар болуға, спортпен шұғылдануға, руханият орталығының мәртебесіне лайықты, өнегелі жастар болуға шақырды.
Түркістан қаласының әкімдігі мен полиция басқармасының ұйымдастырған жиынның мазмұнын Ахмет Яссауи мен Алаш қайраткерлері жайлы сахналанған монолог аша түсті. «Алашұлы» тобы рухты ән шырқап, қатысушыларға керемет әсер сыйлады. Кешті облыстық ақсақалдар ұйымының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов қорытындылап, жастарға бата берді.