Түркістан қаласында оқушылар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мен жасөспірімдер қылмысын төмендету мақсатында үгіт-насихат жұмыстары өтіп жатыр.
Үстіміздегі жылдың 23-қаңтарынан бастап Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты жалпы орта мектептерде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты төмендету бойынша үгіт-насихат шаралары жүргізілуде, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.
Кезекті жиын бүгін Ғ.Мұратбаев атындағы №5 және М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектептерінде жалғасын тапты. Басты мақсат - жуырда ғана жоғарғы сынып оқушыларының арасындағы әлімжеттік мәселесін қадағалау, болдырмау, оған тосқауыл қоюға мектеп басшылығын, ата-аналарды үндеу.
Осы мақсатта қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері - Өтепберген Қуанышбаев, Асылтай Орынбеков, «Салиқалы әжелер» алқасының төрайымы Қарлығаш Сейтжапбаровалар бала тәрбиесі жөнінде айтып, өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болуы - бірлік пен сыйластықтың арқасында екенін атап өтті.
«Облыс орталығы атанғанымыз біздер, жас буын сендер үшін үлкен жауапкершілік. Қариялардың барлығы өздеріңдей мектеп оқыды, жас болды. Ертеңгі күні барлығың есейіп, кемелденіп, қартаясыңдар. Сондықтан жас ғұмырларыңды оқу-білімге, спортқа арнап, өзгелерге үлгі болатындай азамат болыңдар. Ұлы дала елінің мәңгілік ынтымағын сақтау әрбірімізге міндет. Тәртіп бар жерде өсу һәм өркендеу бар», - деді Өтепберген Жаңабайұлы.
Жиын соңында «Жастар ресурстық орталығы» КММ әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторының психологы Алия Пиржанова оқушыларға мектеп психологымен сөйлесіп немесе анонимді түрде көмек керек болған жағдайда жеке қабылдау жүргізуге әзір екендігін жеткізді. Айта кетейік, бұл тәрбиелік маңызы жоғары іс-шара Түркістан қаласы әкімдігінің белгіленген жоспарлы тапсырмасына сәйкес ішкі саясат бөлімінің мамандары, учаскелік полиция қызметкерлері мен қала ақсақалдарының қатысуымен өткізілуде.