Өңірдегі ақпарат саласына қатысты мәселелерді сөз етті.
Түркістан қаласында «Журналистика мен блогосфера: Азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалы» атты журналистер форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында өңір журналистикасының өзекті мәселелерін талқылау бағытында «Журналистика мен блогосфера: Азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалы» атты журналистер форумы өтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет сарайында өткен шараға облыстағы БАҚ өкілдері, атап айтқанда, аудандық, облыстық газет, телеарна журналистері, өңірдің баспасөз хатшылары, әлеуметтік желі белсенділері мен журналистика саласында білім алып жүрген студенттер қатысты.
Форумның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етіп, өңір журналистерінің ұлттық идеологияның іргесін бекітуші екенін атап өтті. Кездесуде телевизия саласының ардагері, Түркістан қаласының тумасы – Тілеуқабыл Мыңжасар, белгілі журналист, жазушы-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Қайнар Олжай және Дағдарыстық коммуникация бойынша сарапшысы – Алмас Тоқабаев қатысып, өңірдегі ақпарат саласына қатысты мәселелерді сөз етті.
«Қасиетті Түркістан өңіріне елордадан журналистика саласындағы қайраткер ағаларымыз арнайы келді. Бұл шараға Түркістан облысындағы ақпараттық, әлеуметтік саласында белсенді қызмет етіп жүрген әріптес, қаламдас азаматтар қатысып отыр. Бүгін ұйымдастырылып отырған форум аясында спикерлердің көзқарасы мен талдауларын тыңдай аласыздар. Яғни сұрақ-жауап пен пікір алмасу тұрғысындағы еркін форматта өтетін болады. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға келген сапарында Түркістанға рухани және тарихи елорда мәртебесі беріліп, осы бағытта жұмыс жүргізу қажет екенін айтқан болатын. Алдағы уақытта осы мәртебе арнайы Жарлық негізінде қабылданады. Соған сәйкес, біздің облыс орталығын дамыту жұмыстары рухани, азаматтық қоғамды дамыту және ұлттық бағыттағы жобалармен тұрақты түрде жалғасып отыруы керек. Бұл жұмыстар сол аталған тұрақты бастамалардың бірден-бір жалғасы деп толық айтуға болады», – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Форум барысында спикерлер өз ой-пікірлерімен бөлісті. Телеарна саласының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар сөз сөйледі.
«Түркістанның төрінде сіздермен жүздескеніме өте қуаныштымын! Түркістанда форум өтетінін естіп, қуанып келдім. Мұндай жүздесулер журналистерге шабыт беріп, жазушыға қанат бітіреді. Әр түрлі әдемі армандарға жетелейді. Біздің заманымызда мұндай кездесулер болған жоқ. Қазір Тәуелсіздіктің арқасында осындай керемет форумдар ұйымдастырылып жатыр. Туып-өскен жерім Түркістан облыс орталығына айналғанына биыл 4 жыл болды. Билік пен халықтың ортасындағы алтын көпір – осы журналистер. Сондықтан бүгінгі қоғамда журналистерге қойылатын талап та, міндет те үлкен. Журналистердің алға қойған мақсаттары да ауқымды. Сондықтан үлкен шаруаның тұтқасын ұстайтын жас журналистерді даярлау керек», – деді Т.Мыңжасар.
Ал, Қайнар Олжай жазудың алғышарттары туралы орнықты, өзекті ойларын айтып, сауатты жазу туралы ұстанымдары мен сын-ескертпелерімен бөлісті.
«Жазу – адамның жан-тәнін тазартады. Неше түрлі лас әрекеттер бар қоғамда адам жаза білуі керек. Бүгінгі қоғамда бір сөйлем немесе бір кітап жазсаң да сауатты жазу қажет. Сауатты жазу ол – мәдениетті жазу. Жазған мәтінінен қате кетпеген адам, ол – мәдениетті адам. Жазатын адам көркем жазу керек. Бір сөйлем болмаса, тұтас мақала жазсаңыз ол оқырманға ой тастауы тиіс. Жазғанда сауатты әрі көркем жазыңыздар. Алдыңғы буын ағалардың абырой-атақтарына бедел түсірмей қалам сілтеген абзал», – деді.
Бұдан соң сөз алған Алмас Тоқабаев мырза аға буын пікірінен соң, жаңа медиа туралы ойын білдірді.
Форум аясында қатысушылар үш топқа бөлініп, секциялық отырыстарға қатысты. Онда «Цифрлық дәуір және БАҚ: қазіргі журналистикаға не жетіспейді?» тақырыбы бойынша қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар телеарна журналистеріне арнайы шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ форум тақырыбымен белгілі журналист Қайнар Олжай аудан-қалалық баспа БАҚ өкілдеріне дәріс берді. Ал «Журналистика және блогсфера: жанрлық-тақырыптық қиылыстар» тақырыбы әрі дағдарыс коммуникациясы бойынша Алмас Тоқабаев баспасөз хатшыларына арнайы тренинг өткізіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Секция соңында қатысушылар еркін пікір алмасып, журналистика және блогосфера, әлеуметтік желілердің қоғамдағы маңыздылығы бойынша сұрақтар қойып, спикерлерден тұщымды жауап алды.