Түркістанда жылыжай көлемін ұлғайту қолға алынуда

0
1 864

Қазақстан экономикасының қалыптасуы агроөнеркәсіп өндірісінің өнімдік кешендер жүйесін дамытуға жағдай туғызды.


Түркістанда жылыжай көлемін ұлғайту қолға алынуда

ERNUR.KZ. Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту елімізде басты орында тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, жылыжай кешені – отандық ауыл шаруашылық өндірісінің бірі болып саналады. Жеміс-көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемін арттыру мақсатында жылыжай шаруашылықтарының қатарын көбейтіп, осы бағыттардағы жобаларды қаржыландыру жүзеге асырылуда. Жылыжай кешенін дамыту күнгейде жақсы жолға қойылған. Соның ішінде ауа райы жаздыкүндері ыстық, қысы аса қатты бола бермейтін Түркістан қаласымен оның елді мекендерінде жыл он екі ай көкөніске қолжетімділікті қалыптастыру үшін жылыжайлар жұмысы жандандыру жүйелі жүргізіліп келеді.

Қала аумағында бүгінгі таңда жалпы көлемі 73,43 гектарды құрайтын 570 бірлік жылыжайлар бар. Оның ішінде, ағымдығы жылдың 6 айында 8,06 га жылыжай салынып, жылдық тапсырма (24,0га) 33,6%-ға орындалды. Жылыжайдан І айналымда 2107,5 тн өнім алынды, оның ішінде қызанақ 1016,9 тн, қияр 969,3 тн, тәтті бұрыш 121,3 тн. алынған.

Сондай-ақ, қаладағы бірқатар жылыжай кешендерінің барлық жұмыстары автоматтандырылған. Қазіргі таңда барлық жылыжайлардың өнімі толығымен алынып, жылдың екінші жартысындағы өнімділікке дайындық жұмыстары жасалып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстан экономикасының қалыптасуы агроөнеркәсіп өндірісінің өнімдік кешендер жүйесін дамытуға жағдай туғызды. Ауыл шаруашылығын өркендету, инновациялық технологияларды ендіру, соның бір басым бағыты ретінде жылыжай салып, бақша, көкөніс өнімдерін еселеп арттыру, жерді тиімді игеру осы арқылы көрші елдердің көкөніс импортынан арылу мәселелері жолға қойылуда.

Осыған байланысты, нарық жағдайында Отандық ауыл шаруашылығы саласында меншік түрлерінің және нарықтық типтегі шаруашылық құрылымдарын жетілдіру әлі де жалғасуда.