Түркістандық ақсақалдар алқасы игі бастама көтерді

0
833

Он алты аймаққа белгіленген ауылнайлар өз өңіріндегі аз қамтылған отбасылар тізімін жасап, аптасына бір реттік тегін киім мен азық-түлік тарқатады.


Түркістандық ақсақалдар алқасы игі бастама көтерді

Түркістандық ақсақалдар алқасы игі бастама көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде өңірдегі жағдайы төмен отбасыларды қолдау мақсатында Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы бастама көтеріп, арнайы әлеуметтік дүкенге демеушілер тарапынан азық-түлік пен киім-кешек жинауды қолға алды.

"Жиналған заттар аз қамтылған жанұяларға үлестірілетін болады. Он алты аймаққа белгіленген ауылнайлар өз өңіріндегі аз қамтылған отбасылар тізімін жасап, аптасына бір реттік тегін киім мен азық-түлік тарқатады. Бұл жолы әлеуметтік дүкенге демеушілік жасаған облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов өз қаражатынан 2 тонна азық-түлік бөліп, ел алғысына бөленіп отыр. Ол «мұндай қайырымдылық шаралар ел ішінде жиі жасалып тұрса, әлеуметтік жағдай тұрақталып нарықтық-экономикалық ахуал реттелетін еді» - дейді алқа төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Ауыр індеттің алдын-алу мен сақтану шаралары бойынша облысымызда атқарылып жатқан шаралардың қатарында азық-түлік бағасын тұрақтандыру саласы да бар. Облыстық ақсақалдар алқасының игі істері де осы баға тұрақтылығы бойынша жасалып жатқан істердің бірі. Мұны қарапайым халық арасындағы көпбалалы аналар да растап отыр. Аталған көмек бойынша жәрдем алған жанұя мүшелері жақсылық жасаушыларға алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын білдірді.