Түркістандық ақын «алтын домбыра» иегері атанды

0
917

Мерекелік айтыста ақындардың ешқайсысы да жүлдесіз қалмады.


Түркістандық ақын «алтын домбыра» иегері атанды

Түркістандық Бекарыс Шойбеков алтын домбыра иегері атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Екі күнге созылған жыр аламаны «Nur Otan» партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.


Елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залындаақындардың 11 жұбы екі күн бойы айтыссүйер қауымды өрнекті сөздерімен сусындатты. Ақындардың өнеріне Қазақстан және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы баға берді. Сондай-ақ, қазылар құрамында Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов және өзге де өнер, қоғам қайраткерлері болды.


Қазылар алқасының шешімімен мерекелік айтыста ақындардың ешқайсысы да жүлдесіз қалмады. Ынталандыру сыйлығына Арғынбек Қалбаев, Төлеген Жаманов, Бауыржан Ширмедин, Нұрзат Қару, Рауан Қайдаров, Қалижан Білдәш ие болды. Қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімовтің ұсынысымен тағайындалған арнайы жүлде Бөкен Жігерге берілді. Үшінші орынға екі ақын лайық деп танылса, оны Рүстем Қайыртай мен Жансая Мусина еншіледі. Екінші орынға Мейірбек Сұлтанхан ие болды. Бірінші орын мен «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісі Еркебұлан Қайназаровқа берілді. Ал, бас жүлде – «Алтын домбыра» және Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тағайындаған темір тұлпар түркістандық - Бекарыс Шойбековке бұйырды.