Тергеп-тексеру барысында, күдіктінің ішімдікке мас болғаны анықталған.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны сауып отырған екі жылқыны ұрлаған күдікті құрықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Сарыағаш АПБ-ға жылқы ұстап, саумал сату кәсібімен айналысатын әйел үйінің жанында жүрген екі бас жылқысы белгісіз бағытқа кетіп қалып, жоғалғаны және өзі іздеп таппағаны жөнінде арызданған.
Сондай-ақ, жылқылардың жоғалғаны жайлы дерек түсе салысымен ЖПҚ патрульдік полиция тобының аға инспекторы, полиция старшинасы Дінмұханбет Көшкінбаев пен инспектор Ерболат Диханбаев тез арада іздестіру шараларын жүргізген.
Жедел-іздестіру шарасы барысында аудандық тәртіп сақшылары түнгі сағат 2-3 шамасында белгісіз азамат бір жылқының үстіне мініп, екіншісін жетектеп бара жатқанын көріп, тоқтатқан.Нәтижесінде, аталған жылқылар жәбірленушінің жылқылары екендігі анықталады. Сонымен қатар, тергеп-тексеру барысында көрші ауылдың тұрғыны болып шыққан күдіктінің мас халде болғандығы айқындалған.
Қазіргі таңда жылқылар иесіне қайтарылып, тергеу амалдары жүргізілуде.