Түркістандық балуандар Әлем чемпионатында топ жарды

0
597

Әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері атанып, туған елге жүлдемен оралды.


Түркістандық балуандар Әлем чемпионатында топ жарды

Қазақ күресінен өткен Әлем чемпионатында түркістандық балуандар топ жарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Астана қаласында қазақ күресінен ересектер мен жастар, жасөспірімдер арасында өткен кезекті әлемдік деңгейдегі дода аяқталды. Дүниежүзінің әр түкпірінен келген ең талантты балуандар бақ сынасқан белдесуде Қазақстанның мерейін үстем еткен Түркістан облысының дарынды саңлақтары топ жарды. Боз кілемде барлық күш-жігерін көрсеткен жерлестеріміз Әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері атанып, туған елге жүлдемен оралды.


Әлем бойынша ең танымал спортшылар жиналған күрес додасында ересектер арасында өнер көрсеткен 90 келі салмақтағы түркістандық Айдарбек Тоқтарбек қола жүлдені иеленді. Қазақ халқымыздың төл өнері қазақ күресімен жастайынан кәсіби тұрғыда айналысып келе жатқан осы Әлем чемпионатында барлық қарсыластарын тізе бүктіріп алтын медальді қанжығасына байлаған +82 келідегі Сардар Абдисамитұлы жеңімпаз атанды.


Ал, талай күрес мамандарының назарын өз талантымен таң қалдырып 72 келіде сынға түскен жас балуан Балтабай Ералхан да қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында 60 келіде белдескен болашағы жарқын Розман Тугушов пен дарындылығының арқасында мол тәжірибе жинауды мақсат еткен 82 келідегі Темірхан Дауірсейітханға қола жүлде бұйырды.


Әрбір саңлақтың жеңіске жету жолында ең алдымен бапкерлердің ерен еңбегі орасан. Түркістан облысында қазақ күресінің дамуына мол үлес қосып, талантты балуандарды тәрбиелеп келе жатқан білікті жаттықтырушылар қатарындағы – Қайрат Пазылбек, Ерлан Сыздықов, Айдос Сералиев, Мырза Хидировтар өңіріміздегі күрес майталмандары.