Жалпыкомандалық есепте дес бермеді.
Еркін күрестен өткен ел чемпионатында Түркістан облысы командалық бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Биылғы жыл Түркістан облысының спорты үшін табысты жалғасуда. Жуырда ғана Талдықорған қаласында өткен еркін күрестен жасөспірімдер (U15) арасында Қазақстан чемпионатында облысымыздың талантты балуандары жарады. Айталық, боз кілемде өз талантымен танылған жерлесіміз Асанбек Нұрасыл 52 келіде сынға түсіп, бас жүлдені иеленді. Сонымен қатар күресуде барлық қарсыластарын жеңген дарынды жас балуан Наров Нұртай 62 келіде облыс намысын қорғап, алтын медаль еншіледі.
Жеңістің шыңын бағындырған түркістандық Жұмабек Нұрхан 75 келіде бас жүлдені қанжығасына байлады. Бұдан өзге жанкүйерлерін жеңісімен қуантқан Шалқаров Нұрислам 85 келіде топ жарды.
Кілемде күрес өнерімен дараланған Бақдәулет Ағабек 35 келіде, сондай-ақ, Серікбай Бақдәулет 57 келіде күміс алқаны иеленді. Ел чемпионатында қола алқа алған Түркістан облысының балуандары арасында 41 келідегі Орынбасар Мардан мен 48 келіде сынға түскен Әбдіқасым Данаел, 75 келідегі түркістандық спортшы Ашрафи Шахрум бар.
Осылайша, жалпыкомандалық есепте Түркістан облысының құрамасы бас жүлдені иеленді.