​Түркістандық этнос өкілдері де "Еңбек" бағдарламасына атсалысады

0
866

Сайрамда «Еңбек» бағдарламасы насихатталды.


​Түркістандық этнос өкілдері де

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Еңбек» бағдарламасын насихаттау мақсатында өңіріміздегі халқы тығыз аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елбасының бастамасымен 2015 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Түркістан облысында соңғы 4 жылда 881 отбасы немесе 3377 адам қоныс аударып, мемлекет тарапынан әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіліп келеді.

Түркістан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев бастаған ақпараттық-насихаттық топ халық саны жоғары, әрі ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы, Қарабұлақ елдімекені тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғ.Рысбеков, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары М.Оразалиев, аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әбдіқадыров және облыстық мәслихат депутаттары Ж.Ағабеков, Б.Нышанкулов пен ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, қоғам белсендісі Ө.Шыныбекұлы, Павлодар облысы, Ертіс ауданы әкімінің орынбасары Ж.Сағынаев, Солтүстік Қазақстан облысы, М.Жұмабаев ауданының жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Н.Танбетова және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қатысты.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Дәулетұлы кездесу барысында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тоқталып, өзбек диаспорасын «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенді болуға шақырды.

«Қарабұлақ - еліміздегі ең тұрғыны көп ауыл. Бұл ауылда 60 мыңнан астам xалық бар. Алайда биыл ауданнан солтүстікке бір отбасы ғана шыққан. Жобада солтүстікке барушылар үшін арнайы мал бағу мен егін салуға жер беріледі.

Өңірімізде 400 мыңнан астам шаруақор өзбек ағайындар тұрады. Олар осы бағдарламаны орындауға белсене қатысса, халық жұмыспен қамтылып, баспаналы болып, солтүстік жайнап, еліміздегі көптеген мәселелер шешімін табатын еді», - деп жұртшылықты мүмкіндікті барынша пайдалануға шақырды.

Жиында сондай-ақ, Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғ.Рысбеков «Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру» бағдарламасының маңыздылығы туралы баяндама жасады.

Солтүстікке қоныс аударған жерлестеріміздің тыныс-тіршілігімен жақында ғана танысып қайтқан насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндіріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Айта кетейік, өзбек этнос өкілдерінің арасында мұндай стратегиялық маңызды кездесу алғаш өтіп отыр. Нәтижесінде, 52 отбасы көшуге ниет білдірді. Филиал төрағасының бірінші орынбасары жауапты басшыларға 210 мыңнан астам тұрғыны бар ауданның әрбір ауылында бағдарламаны тиімді түрде насихаттауды тапсырды.