Жалпы ел ішінен өнер сайысына 26 үміткер қатысуға ниет білдірген.
Түркістан облысының өнерпаздары республикалық «Мелоtime» – ән өңдеушілер байқауында жүлдегер атанды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының өнерпаздары ән өңдеушілер арасында өткен сайыста жүлделі орындардан көрінді. Облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Мелоtime» республикалық байқауы өткен болатын. Жалпы ел ішінен өнер сайысына 26 үміткер қатысуға ниет білдірген. Олардың қатарында өңірімізден шыққан өнер иелері де бар.
Жарыстың қортындысына сәйкес аталған байқауда бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан Нұрлыбек Аманов «Домбыра туралы баллада» атты шығармасымен жеңіп алса, шымкенттік Мәди Айжанов «Айналдым елім» атты туындысымен І орыннан көрінді. Шымкент қаласыннан қатысқан Ізбасар Кеңесовтің «Ел ана, жер ана» атты шығармасы ІІ орын алуға мүмкіндік берді. Ал, Нұр-Сұлтан қаласының өнерпазы Данияр Отарчинов «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін, Арыс қаласынан Шахизинда Алимбетов «Қуанышым менің» әуенін өңдеп ІІІ орыннан көрінді.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан каласының өнерпазы Ержан Қорғанбек «Бәрінен де сен сұлу» әнімен, Отырар ауданынан Ғалымжан Сартабаев «Көк көлдегі кештер-ай» әнімен, шымкенттік Айтеке Көптілеу «Алыс арман» әнімен дипломат атанды.
Айта кетейік, байқауға қатысқан үміткерлердің жұмыстарын елімізге белгілі Ринат Гайсин, Қайрат Баекенов пен Ерлан Бекчурин сынды кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы бағалады. Шараның негізгі мақсаты – музыканттардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, ән өңдеушілерге шығармашылық қолдау көрсету, ән өнерінің жетістіктерін жаңғырту және насихаттау, мәдени қарым-қатынасты және өзара бәсекелестікті дамыту, ырғақты, мазмұны терең сапалы жаңа әндер қорын байыту.