Түркістандық спортшы екі дүркін Азия чемпионы атанды

0
573

Қазақстан құрама командасы өздерінің мықтылықтарын тағы бір дәлелдеді.


Түркістандық спортшы екі дүркін Азия чемпионы атанды

Түркістандық спортшы каратэден Азияның екі дүркін чемпионы атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында каратэден (WKF) ересектер арасында Азия чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға мықты деп іріктелген каратэшілер қатысып, бар өнерлерін ортаға салды. Айтулы сайыста Қазақстан құрама командасы өздерінің мықтылықтарын тағы бір дәлелдеді. Отандастарымыздың сапында Түркістан облысының екі спортшысы Әсел Қанай мен Мәди Катешов ел намысы үшін сынға түсті.


Кумите әдісі бойынша 61 келіде татами көркін қыздырған талантты жерлесіміз Әсел Қанайға тең келер қарсылас болмады. Ол жекелей сында және командалық жарыста барлық қарсыласын тізе бүктіріп, қос алтынды ел қоржынына салды. Ал Мәди Катешов қола медаль үшін күресте қарсыласына есе жіберіп, жүлдеден құр қалды.


Түркістан облысында каратэ спортының дамуына білікті жаттықтырушы Боран Төлеевтің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Әрбір өреннің жеңіске жету жолында ең алдымен білікті бапкердің еңбегі бар.


Қос алтынды иеленген түркістандық талантты ару Әсел Қанай – білікті басшы Нұрлан Айтбеков жетекшілік ететін Түркістан облысының олимпиада резервін даярлау орталығының шәкірті.