Ел чемпионатына 12 облыстан талантты жас спортшылар қатысты.
Асық атудан ел чемпионатында Түркістандық спортшылар командалық бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласында жастар арасында асық атудан Қазақстан чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жарыс жолына елімізден 2003-2006 жылы туған жастар қатысып, асық ату спортын қайта жаңғыртып, шеберліктерін шыңдады.
Ел чемпионатына 12 облыстан талантты жас спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде Түркістан облысының асық атудан ерлер құрамасы бас жүлдеге ие болып, жеңімпаз атанды. Түркістандық дарынды өрендер Қазақстан чемпионатында 4 алтын медаль иеленді.
Атап айтсақ, Өмір Марат, Талғар Әбілхан және Даниял Қалыбекұлы, Бүркітбай Сермахановтар жеңіске жетті. Ал Түркістан облысының әйелдер командасы бес асық ойнаудан екінші орын алып, күміс медальға ие болды. Түркістандық Еркежан Даулеталиқызы, Алуа Темірбек мен Назгүл Амангелді, Ұлғаным Ермекбай күміс жүлдегер атанды.
Айта кетерлігі, топ жарған спортшы ұл-қыздар Қазақстан спорт шебері атағына ие болды. Аса тартысты өткен ел чемпионаиында ерлер арасында бас жүлдені Түркістан облысының командасы иеленсе, күміс жүлде Астана қаласынан келген мергендерге бұйырды. Ал қола жүлдені Жамбыл облысының спортшылары олжалады.
Бес асық сынында әйелдер арасында Астана қаласының командасы жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Түркістан облысының талантты қыздары иеленсе, Қостанай облысының құрамасы қола жүлдені қанағат етті. Өңірдің намысын қорғаған спортшылар – Түркістан облысының ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері.