Түркістандық тұрғын 20 жылдан бері қымыз баптау кәсібімен айналысып келеді

0
962

Дертке шипа ұлттық сусынның бағасы тұрақты.


Түркістандық тұрғын 20 жылдан бері қымыз баптау кәсібімен айналысып келеді

Түркістан облысында саумалға сұраныс артқан, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылдық округінің тұрғыны Гүлжан Мырзабай 20 жылдан астам уақыт бойы бие сауып, қымыз баптаумен айналысып келе жатыр. Оның атуынша, бұл - ата кәсіп. Енесінен үйренген ісіне енді келінін баулып, қымыз баптаудың қыр-сырын үйретіп жатыр екен.

"Қазіргі таңда 6 бие байлап отырмыз. Олар әр екі сағат сайын сауылады. Қымыздың емдік қасиеті белгілі ғой. Бүгінде пневмониямен ауырғандар, аурудың алдын алғысы келгендер сұранысты арттырды. Бірақ, біз бағаны көтерген жоқпыз. Елдің еміне септігі тисе, соны бақыт тұтып отырмыз", - дейді Гүлжан.

Қазіргі уақытта ұлттық сусынның бағасы тұрақты, литрі 600 теңгеден көтерілмеген. Әсіресе, саумал ерекше сұранысқа ие. Емге қабылдайтындар үшін кем дегенде 10 күн ішуге кеңес беріледі. Арасында 10 күн демалып, қайта ішу иммунитетті көтеруге мол септігін тигізеді.

"Саумал өкпе аурулары, рахит, жүйке жүйесінің бұзылуы, ас қорытуды қалпына келтіріп, артық салмақтан арылуға көмектеседі", - дейді Гүлжан Бимырзақызы.

Жалпы, Ордабасы ауданының орталығында бие ұстап, қымыз баптау кеңінен тараған. Аудан аумағындағы жылқы саны биыл 500 басқа артып, 25 мыңға жуықтады.