Тергеу барысында күдікті сол сәтте мас халде болғаны анықталды.
Түркістан қаласының полицейлері тұрғынды тонаған күдіктіні құрықтады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне облыс орталығының тұрғыны арызданып, жергілікті кафелердің бірінде өзін тонап кеткенін жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, оған сырттай таныс адам шабуыл жасап, ұялы телефонын және 80 мың теңгесін күшпен тартып алған. Аталған жайт Түркістан ҚПБ-на ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізіліп, жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 150 000 теңгені құрады.
Оқиға орнына келіп, қажетті іс-шараларды жүргізген тәртіп сақшылары екі күннен кейін қала көшелерінің бірінде күдіктіні құрықтады. Күдікке ілінген Кентау қаласының тұрғынын тәртіп сақшылары оны полиция басқармасына жеткізген. Тергеу барысында күдікті сол сәтте мас халде болып, жәбірленушіден тонаған бағалы заттарымен бірге бой тасалағаны анықталды. Күдікті ұрланған телефонды да сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.
«Қазіргі уақытта аталған жайт "Тонау" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ер адамның басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда», - делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде.