Түркістандық зейнеткер 2,5 млн теңгеге жылыжай салып алған

0
676

Үй іргесіне егін егіп, табысын еселеп жатыр.


Түркістандық зейнеткер 2,5 млн теңгеге жылыжай салып алған

Түркістан облысында үйіргелік шаруашылық дамып келеді,- деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Келес ауданы егін шаруашылығына өте қолайлы өңір. Бір жылдары ағын судың тапшылығынан құнарлы жерлер игерусіз қалған болатын. Алайда, бұл мәселе бүгінде оң шешімін тауып келеді. Каналдан мен тоғандар жөндеуден өтіп, арықтар тазартылып, егістік басына су келетін болды. Тіпті, кейбір шаруалар тамшылатып суару технологиясы арқылы жүздеген гектарды игеріп отыр. Олардың арасында үй іргелік жерлерді де тиімді пайдаланып, тамшылатып суару әдісін меңгеріп, зейнетін көргендер де жетерлік.

Соның бірі Қошқарата ауылдық округінің тұрғыны Мұхаммеддамин Абдирахимов. Үйіргелік 15 сотық жеріне өткен жылы жылыжай құрып, тамшылатып суару әдісімен егінін суарып отыр. Осы жылдың көктемінен қолданысқа енгізген жылыжайына алғашқы өнім ретінде қызанақ егіп, кеткен шығынының төрттен бірін шығарып алыпты. Жалпы жылыжайдың құрылысына 2,5 млн теңге жұмсапты.

"Бұл жылыжайды өткен жылдың күзінде салдық, биыл көктемде пайдаландық. Өңіріміздің климаты жылы болғандықтан ішіне жылыту құрылғыларын орнатпадық. Дегенмен осы егіп отқан егініміз пайдаға істесе, оны да орнатып, көлемін ұлғайту жоспарда бар. Қызанағымыз пісіп жетіліп, саудалағаннан соң жер бос жатпасын деп қиярды егіп қойдық. Үйде балалар, немерелер бар, солар қарайды. Керек жерінде ақылымызды, көмегімізді беріп отырамыз", - дейді зейнеткер Мұхаммеддамин Абдирахимов.

Жалпы Қошқарата ауылдық округінде 19 мыңнан гектардан аса жер көлемі болып, оның 5 мыңынан аса суармалы жерге дихандар шаруашылығын жүргізуде. Бүгінгі таңда, аудан аумағында жылына ашық алқапта 2-3 рет өнім алу жобасы іске асып жатса, үй іргелік жерлерге де егін егіп, отбасын асырап жатқандар да жетерлік. Бір ғана Қошқарата ауылының орталығы Бесқұбыр ауылында 30 ға тарта шаруа үй іргесіне егін егіп, пайдаға кенеліп отыр. Ал оларға мемлекет тарапынан грант алу және аз мөлшерлі пайызбен несие алу жолы, ауылдық округтің ауылшаруашылық мамандары тарапынан тиісті кеңестер беріліп келеді.