Түркістандық жастар рәміздер күніне орай салтанатты шеру өткізді

0
982

Мерекелік шара қаланың көрікті көшелерінде автошеруге ұласып, мерекенің маңызын айшықтай түсті.


Түркістандық жастар рәміздер күніне орай салтанатты шеру өткізді

Жетісай ауданының жастары рәміздер күніне салтанатты шеру өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында Мемлекеттік рәміздері күні аясында «Рәміздерім – Мақтанашым» атты мерекелік акция ұйымдастырылды. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ, аудандық полиция бөлімі мен Түркістан облысы Қоғамдық Даму Басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ Жетісай аудандық филиалының қызметкерлері, оқу орындарының ерікті жастары қатысқан шара «Абай» гүлзары алдынан бастау алды. Жетісайлық жастардың жаяу шеруінен басталған мерекелік шара қаланың көрікті көшелерінде автошеруге ұласып, мерекенің маңызын айшықтай түсті.


Аталған акцияның мақсаты – өскелең ұрпақты отандық патриотизм мен жоғары азаматтық сабақтастыққа үндеп, қоғамның рухани бірлігін нығайту болатын. Осы үдеден шыға білген акцияға ауданның белсенді жастары атсалысты. Осылайша жетісайлықтар Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын әрі Қазақстанның өткені мен бүгінін және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі екендігін көрсете білді.


Айта кетейік, 1992 жылдың 4 маусым күні «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойылған болатын. Міне, содан бергі 29 жылда 4 маусым күні – ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн болып есептеліп келеді. Мемлекеттік рәміздер ретінде Ту мен Елтаңба – егемендік және тәуелсіздік идеяларының айнымас белгілеріне, ал, Әнұранымыз – тұғыры биік мемлекетіміздің жаршысына айналды.