Түркістандықтар ашық аспан астында мәдени шараларға куә болады

0
1 109

Амфитеатрдың жалпы орны 1000 адамға лайықты етіп салынуда. Құрылысқа жауапты «АА-Стройинжиниринг» ЖШС мердігер компаниясы болып табылады.


Түркістандықтар ашық аспан астында мәдени шараларға куә болады

Рухани астана тұрғындарының игілігіне біршама уақыттан соң амфитеатр ғимараты қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылыс жұмыстары басталған ғимарат қазан айында аяқталады деп жоспарланған.

1000 орынға лайықталған заманауи кешеннің көлемі 2400 шаршы метрге тең. «Рухани-мәдени орталық» аймағындағы 0,56 га жерде жүргізіліп жатқан құрылыс алаңында күндіз 22, түнгі аусымда 10 жұмысшы еңбек етуде.

«Жұмыс өз қарқынымен жүргізілуде, келісілген мерзімде аяқтауға мүмкіндігіміз жеткілікті», - деді құрылысқа жауапты «АА-Стройинжиниринг» ЖШС мердігер компаниясының учаске бастығы Абай Абдурахманов.

Мұнда 4 жұмысшы жергілікті, ал, қалған жұмысшылар Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласынан келіп тер төгуде. Қосымша еңбек қолын күшейту мәселесін қарастырып отырған компания өкілдері мүмкіндігінше тағы да бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтымақ ниетте.

Еске салсақ, Түркістан қаласының облыс орталығы атану құрметіне орай республикамыздағы облыс әкімдіктері жаңа облыс орталығына бір ғимарат сыйға тартпақ болған. Соның бірі - дәл осы амфитеатр. Киелі өңірдің халқы үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің сыйы.