Түркістандықтар «Жастар жылына» үлес қосуға дайын

0
1 330

Бүгін Елбасымыз Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен жастар форумында 2019 жыл - «Жастар жылы» деп ресми түрде жарияланды.


Түркістандықтар «Жастар жылына» үлес қосуға дайын

«Жастар жылы» аясындағы тікелей эфирдегі көрсетілімді түркістандық жастар да тамашалады, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Астана төрінде өткен жиынға еліміз бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындарының белсенді студенттері қатысып, онлайн режимде республикамыздың барлық қала, аудандарының жастары тікелей байланысқа қосылды.

Тікелей көрсетілімде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:

«27 жылда көп жетістікке жеттік.Ата-бабалар арманы орындалып, біздің ұрпақ тәуелсіздік орнатты. Егемен ел болдық, экономикамыз бен халқымыздың әл-ауқаты жоғарылады,әлемге әсемдігімен танылған Астана қаласын салдық. Соның ішінде ең маңыздысы жаңа буын тәрбиеледік», - деп жастар жылының басталуымен құттықтады.

Сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты форумға қатысып, сөз сөйлеген жастардың арасында Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Жазира Тұрғынова да бар. 27 жасында 3 қыз, 4 ұлдың анасы атанған ол ел демографиясының өсуі – Қазақстанның өркендеуінің көрсеткіші деген пікірде. Ұл-қыздарын болашақта Назарбаев университетінде оқытқысы келетін батыр ана:

«Мен бүлдіршіндерімнің келешегіне сенімдімін. Еліміздің жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын! Әр бала өз несібесімен келеді!», - деді өз сөзінде.

Сонымен қатар, көрсетілім соңында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Береке Дүйсебеков жастармен жұмыс күшейтіліп, үстіміздегі жылы «Көпфункционалды жастар орталығының» құрылыс жұмыстары қарқын алатындығын мәлімдеді. Ал, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенті Айгерім Мұрат Түркістан жастарының атынан мол мүмкіндік сыйлайтын жылдың табысты болуына атсалысуға қашан да әзірміз деген ойымен бөлісті.