Түркістанның қайта түлеу дәуірі басталды

0
1 819

Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан.


Түркістанның қайта түлеу дәуірі басталды

Түркістан – барша түркі әлемінің түп қазығы саналып, ер түріктің бесігі атанып, аумалы-төкпелі замандарды да көп көрді. Бір кездері көне қала Қасым ханның пәрменімен мемлекеттің астанасы да болды. Тәуелсіздік алғалы бері, араға ширек ғасыр салып еліміз ес жиып, әлемдік деңгейдегі жағдайға жеткенімізде енді, міне, Елбасы Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ ақпараттық порталы kazaknews.kz сайтына сілтеме жасап.

Осылайша, мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып, қазір дамудың жаңа жолына түсті. Мұны ғасырдың ең жағымды жаңалығына санаған жұрт Елбасының бұл шешімін дер кезінде қолға алынды деп қолдау көрсетуде. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Түркістанды дамыту мақсатында Үкімет пен жергілікті әкімдік бүгінде қыруар жұмыстарды жүргізіп жатыр. Алда атқарар толағай жұмыстар мен міндеттер тұр.

Облыс орталығының Түркістанға көшірілуінде үлкен мән бар. Біріншіден, Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бұрынғы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тебуінің өзі бұл шаһардың стратегиялық маңызы зор екенін білдіреді. Сол себепті, Түркістанды Түркі әлемінің рухани әрі мәдени астанасына айналдыру мүмкіндігі көп. Яғни, Түркістан облыс орталығы ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал қалаға, Түркі әлемінің ғылымы мен мәдениетінің ірі орталығына айналады. Мұнда бүкіл түркітілдес елдер қатысатын ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар тұрақты түрде өтеді. Сондай-ақ бұл қалада Түркі академиясы, Түрік кеңесі мен ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың бөлімшелері ашылады деп күтілуде.

Әлемдегі елдер Түркістанға назар аудара бастады. Олай дейтініміз, Елбасының Түркістан облысын құру жөніндегі жасаған Жарлығына көп өтпей жатып ежелгі қаланы дамытуға көрші мемлекеттерден түрлі ұсыныстар түсе бастады. Атап айтқанда, Түркістанды дамытуға жарияланған байқауға бірқатар мемлекеттер қатысып жатса, Түркия мемлекетінің кәсіпкерлері де ең алғашқылардың бірі болып, үлкен инвестиция салатын болды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның бизнес өкілдерімен кездесуі барысында кәсіпкерлерді Түркістан қаласын дамытуға шақырды. Атап айтқанда, Түркия астанасы Анкарада қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіпкерлері қатысқан қазақстандық-түркиялық бизнес форумда елімізден барған өкілдер Түркияның ірі холдингтері мен компаниялары басшыларымен келіссөз жүргізді.

Нәтижесінде, Түркістан облысына түрік компаниялары 625 млн доллар инвестиция салатыны белгілі болды. Келіссөздер нәтижесінде 30 жылдан бері бизнес саласында көшбасшылардың бірі атанып жүрген Түркияның DAL Holding Investment Company холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында тоңазытқыш әрі көкөніс қоймасы салынады. 1000-нан астам жұмыс орны ашылады.

Түріктің тағы бір Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti компаниясы 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысынбастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі – 5 млн АҚШ доллары. Жоба жүзеге асса, 130-дан астам жұмыс орны пайда болады.

Сонымен қатар баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыты бойынша Çalık Enerji және Zorlu Holding – Zorlu Enerji атты ірі компаниялар 50 МВт қуаты бар күн электр стансаларын салуға дайын екендерін білдірді. Жобаның жалпы құны – 120 млн АҚШ доллары.

Кездесулер мен келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көлемі 625 млн АҚШ долларына 4 меморандум түзілді. Қос тарап бұл меморандумдар Қазақстан және Түркияда бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратынмеханизмге айналып, тығыз коммерциялық байланыстарды дамытып, екіжақты инвестициялар көлемінің ұлғаюына және технологиялар трансфертіне негіз болатындығына сенім білдірді.

Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Кангты қабылдады. Кездесуде екіжақты әріптестікті күшейтіп, Түркістан қаласын дамыту мәселелері сөз болды. Өңір басшысы құрылыс саласында өзіндік орны бар кореялық компаниямен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Канг Түркістан қаласында түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер салуға ниетті екенін жеткізді. Кездесуде облыс әкімдігі мен компания басшылығы алдағы уақытта дакеліссөздерді жалғастыру жөнінде уағдаласты.