Түркия елшісі Түркістанның дамуына жоғары баға берді

0
827

Кесененің кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес - Түркия елшісі.


Түркия елшісі Түркістанның дамуына жоғары баға берді

Түркия елгісі Түркістан қаласына келді,- деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев түркия елшісі Уфук Екиджимен кездесті. Алдымен бауырлас халықтың қиын кезеңдерде әрдайым қолғабыс етудегі істеріне, пандемия кезіндегі гуманитарлық көмектеріне алғыс білдіріп, даму тарихында ерекше өзгерістер орын алып жатқан шаһарға атбасын бұрып келгендеріне қуанышты екенін жеткізді. Сонымен қатар, алда жоспарланған түркі, орта Азия және Еуропа халықтары бас қосатын Саммитте қуана күтетінін айтты.

"Түркістанда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бүгін киелі қалаға алғаш рет аяқ бассам да, рухани және тарихи құндылықтары жоғары екеніне көз жеткіздім. Кесененің кереметін сөзбен жеткізу мүмкін емес", - деген Уфук Екиджи Рухани-мәдени орталықта салынған "Халықаралық туризм және меймандостық" университетіне екіжақты қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдірді.

Одан өзге, кездесу барысында түркиялық компаниялар салып жатқан "Керуен сарай" кешені мен "Халықаралық әуежайдың" құрылысы ерекше қарқынмен іске асып жатқаны айтылып, жуық арада қолданысқа берілсе, туризм саласының жандануына сеп болатындығы баса айтылды.