Түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілде диктант жазды

0
2 950

Оған қатысушылар қазақ тілінде таза сөйлеу, сауатты жазу әр қазақстандықтың міндеті деп санайды.


Түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілде диктант жазды

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірлерінде бір мезетте «Астана – бейбітшілік бесігі!» тақырыбында мемлекеттік тілде ашық диктант өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы аясында қолға алынған шара Түркістан облысында кітапханаларда, жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептерде ұйымдастырылды.

Елімізде өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруды, елордамыз Астананың мәртебесін асқақтатуды көздейтін іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары және ниет білдіруші азаматтар қатысты.

Мемлекеттік тілден диктант Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында да жазылды. Оған қатысушылар қазақ тілінде таза сөйлеу, сауатты жазу әр қазақстандықтың міндеті деп санайды.

«Қазақ тілін жетік меңгергенмін, кішкентай кезімнен қазақ тілі мен әдебиетінен өтетін түрлі байқауларға қатысып, жүлде алып жүрмін. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттырып отырған «Мың бала» жобасына алғысым шексіз», - деді жобаға қатысушы, түрік этномәдени бірлесті жастар қанатының мүшесі Сальви Хирадинова.

Іс-шараға белсене қатысушылар алда Астанада өтетін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының салтанатты қорытындылау шарасында марапатталады.