Дегенмен ескі аялдамаларды ретке келтіріп, сырлау үшін қазынадан 12 миллион теңге бөлінген.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының ішіндегі сырты шыны жаңа аялдамалардың орнатылғанына да біршама уақыт болды. Дегенмен мұндай жаңа аялдамаларды қала шетінен кездестіре алмадық. Шымқала Астана мен Алматыдан кейінгі еліміздегі үшінші қала статусына ұмтылып, жанындағы аудандар елді мекендерін өз құрамына қосып, кеңейіп жатқаны бізге жақсы мәлім.Байқағанымыздай «Қайтпас - 2» мөлтекауданынан «Қайнарбұлақ» ауылына дейін қызыл, көк ескі аялдамалар (бұрын оларды Шымкенттің көшелерінен көретін едік) орналасыпты. Тіпті «Қайнарбұлақтағы» аялдамалардың бірінің шекесіне «Назарбаев мектебі» деп жазылған. Олай болса бір қаланың аялдамалары не себепті бірыңғай емес, әртүрлі?
Біз аталмыш жайттың анығына жетпек болып, Шымкент қалалық Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөліміне барған едік. Аталмыш бөлімнің көріктендіру бойынша бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуына қарағанда былтырғы жылы Шымкент қаласының ішіндегі аялдамаларды жаңартқаннан кейін ескілері қала шетіне – Қайнарбұлақ, Бозарық, Азат мөлтекаудандарына қойылған. Барлығы - 79 дана. Себебі осы аймақтардағы аялдамаларды жаңартуға қаржы қаралмапты. Дегенмен ескі аялдамаларды ретке келтіріп, сырлау үшін қазынадан 12 миллион теңге бөлінген. Қазір Түркістан тасжолы мен Ынтымақтан бастап ретке келтіру жұмыстары басталып кеткен екен. Жалпы 1130 аялдаманың 180 данасы реттеледі. Шымкент қаласының ішіндегі әйнекпен жабдықтарған аялдамалардың саны – 93. Олардың бір данасының құны – 800 мың теңге шамасында көрінеді.
Бұл жерде Шымкент әкімшілігі қала ішіндегі шыны аялдамаларға қомақты сома жұмсаса да, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында ескі аялдамаларды шетке көшіргендігі көрініп-ақ тұр.