Қоқыстан тазарту, арам шөптерді жұлумен қатар қураған талдар бұталып, ағаш түптері әктелді.
«Жасыл аймақ» апталығы Бәйдібек ауданының елді мекендерінде жалғасып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бәйдібек ауданына қарасты елді мекендерде «Жасыл аймақ» апталығы аясында абаттандыру, көгалдандыру және тазалық шаралары тұрақты түрде өткізілуде. Тазалық жұмыстарына Тәуелсіздіктің құрдасы, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Абылай Жақыпов қолдау білдіріп, Ақбастау ауылындағы Молшылық көшесінің бойындағы бордюрлерді сырлау, шарбақтарды жөндеу, әктеу, ауылдың қасбетін реттеу жұмыстары орындалған. Сонымен қатар аяқ жолдарды сыпырып қоқыстан тазарту, арам шөптерді жұлумен қатар қураған талдар бұталып, ағаш түптері әктелді.
Тазалық науқанына бәйдібектік тұрғындар абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жұмыла кіріскен. Осы ретте Ақбастау ауылдық әкімі аппаратының қыметкерлері округ орталығындағы Ынтымақ және Бірлік көшелеріне сенбілік жұмыстарын жүргізді. Көше бойларындағы бордюрлер мен бағаналар сырланып, суағарлар тазаланды.
Ауыл әкімі Мейіржан Беріковтің айтуынша, акцияға округке қарасты елдімекен тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен мәслихат депутаттары және ауыл жастары белсене қатысуда. Округке қарасты ауылдардағы көшелерге талдар егу, ретсіз өскен, қураған талдарды кесу, қоқыстарды тазалау, мекеме аулаларына гүлдер отырғызу, елді мекен аумағын ретке келтіру жұмыстары сәтті орындалған.