Жасыл желек "Арыс-Түркістан" каналының суымен суарылып жатыр

0
755

Күндізгі және түнгі суғару жұмыстары күнделікті қадағалануда.


Жасыл желек

Түркістандық қызметкерлер жасыл желектің суарылуын күндіз-түні бақылап жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазіргі таңда қала әкімдігінен бекітілген жауапты қызметкерлер Әзірет Сұлтан мешіті, Б.Саттарханов даңғылы аумағындағы күндізгі және түнгі суғару жұмыстарын күнделікті қадағалауда. Атап өтсек, Б.Саттарханов даңғылы бойындағы өскіндерді суғару үшін сағат кешкі 21:00 мен түнгі 02:00 аралығында 4 техника қойылған. Даңғылдың 1,8 шақырымына жаңадан автоматикалық суғару жүйесі жасалып, 3800 ш.м. жаңа партерлік көгал төселді. Ал, «Rixos» қонақ үйінің алдына қазіргі уақытта 300 ш.м. егілді. Сала мамандарының айтуынша, егілген жаңа партерлік көгалдар 10 күндей сарғайып, кейін қайта көгеріп, өз қалпына келе бастайды.


Қосымша кейбір жол жиегіндегі көгалдардың орнына 6,5 шақырымды құрайтын аяқжолдар (6,5 мың ш.м.2) төселе бастады, оны аяқтау ағымдағы жылдың 1 тамызына жоспарланған. Бұл жұмысқа бүгінгі күні 30-ға жуық жұмысшы және 8 техника жұмылдырылды. Одан өзге, қалаішілік көшелердің ирригациялық жүйелерінің кестесі бекітіліп, қалаға су жіберу түскі 14.00–15.00 аралығындағы уақытта жұмыс кестесіне сәйкес жүруде. Қазіргі таңда Қазыбек би, Тәуке хан, С.Ерубаев, С.Қожанов, Байбұрт, Құлан ақын, Жанқожа батыр, Гауһар батыр сияқты басты көшелері сумен қамтылуда.


Одан өзге, айналма жол бойында орналасқан жалпы аумағы 36 га құрайтын «Жасыл белдеуді» канал суымен суғару жұмыстарына 25 жұмысшы және 2 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, «Тікұшақ алаңы» аумағында істен шыққан автоматтандырылған суғару жүйесі мердігер мекеме тарапынан ретке келтіріліп, жаңбырлатқыш құрылғылары толық ауыстырылған.


Нұрбол Әбдісаттарұлының тапсырмасына сәйкес, «Парасат», «Тұран» саябақтарын және Қызылорда тас жолы бағытындағы 56 га аумақта ағаштарды канал суымен суғаруға 72 жұмысшы және 7 техника жұмылдырылды.