Жетісай ауданында күн электр стансасы іске қосылды

0
1 721

Бұрынғы ескі қоқыс полигонының орнынан салынған жобаның құны 2,5 млрд теңгені құрады.


Жетісай ауданында күн электр стансасы іске қосылды

иллюсирациялық фото

Энергия тапшылығын азайту мақсатында, Жетісай ауданында күн электр стансасы салынып, іске қосылды. Германиялық мердігер компания ірі жобаны жеке қаржысына жүзеге асырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кәсіпорын ашылуына қатысып, шетел инвесторларымен кездесті. Бұрынғы ескі қоқыс полигонының орнынан салынған жобаның құны 2,5 млрд теңгені құрады. 10,7 гектар аумаққа орналасқан күн сәулелі жарық станциясының қуаттылығы 4,8 МВт.

Шалғай аудан ақсақалдары қуанышты бөлісуге келген облыс әкімін ортаға алып, ақ тілектерін айтты.
"Көршіміз, Өзбекстан елімен байланыс кеңейіп жатыр. Бұл-ынтымақтастықтың берік көпірі және екі елдің стратегиялық мақсаттары мен ұлттық қызығушылықтарын ілгерілетеді. Мүддеміз бір. Суармалы суға қатысты жағдай қалыпты. Бауырлас халықтар ғасырлар бойы араласып жатқаннан кейін, тарихи тамырымыздың байланысы да тереңде. Сол себепті қазіргідей жаһандық даму кезінде де ықпалдастықты күшейте түсуіміз орынды",- деді облыс басшысы аудан ардагерлерімен кездесу барысында.
Облыс басшысы Жетісай қаласын дамыту мақсатында кәсіпкерлік нысандар, мектеп, тұрғын үйден салу жоспарланған 80 гектар жерге инженерлік инфрақұрылым жүргізуде орын алған өзекті мәселелермен танысты. Шаһардағы мөлтек аудандарды Абай топтастық су жүйесіне қосу мәселесін талқылады. Салаға жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Аймақ әкімі жұмыс сапары барысында бетоннан құрылған лашықты паналап жүрген 5 балалы ананың отбасында болды. Отағасы жалдамалы жұмыста. Көпбалалы ана жұмысқа зәру. Баспанаға мұқтаж отбасының мәселесі шешіліп, жергілікті кәсіпкер "Қамқорлық" жобасы аясында қол ұшын созатын болды.
Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы Б.Момышұлы атындағы №6 мектеп - гимназиясының ұжымымен кездесті. ҰБТ сынағында еліміздегі ең үлкен көрсеткіштермен көзге түскен білім ұясынан соңғы 15 жылда 320 "Алтын белгі" иегері шыққан. Былтыр мектептің 64 түлегі 100% мемлекеттік грант иегері атанды. Мектептің екі оқушысы ҰБТ сынағында 139 балл жинады. Үлгілі мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі мәселенің оңтайлы шешілетінін айтты.