​Жетісайда шағын цехтың жұмысы жанданып келеді

0
2 682

Биыл Жетісай ауданының шаруалары 48226 гектарға ақ алтын дәнін сеуіп, қырманға 126 мың тонна мақта жинады. Шаруалар орта есеппен әр гектардан 26,2 центнерден өнім алған. Өндірілген өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2609 тоннаға артық болып отыр.


​Жетісайда шағын цехтың жұмысы жанданып келеді

Ағымдағы жылы Жетісай ауданында 7 мақта зауыты тоқтаусыз жұмыс істеді. Яғни бұл зауыттар ақ алтынды қабылдап алып, қайта өңдеу ісіне мән беріп келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ, өңірде мақтаны қайта өңдеуден өткізетін шағын цехтар да жұмысын жандандыру үстінде. Солардың бірі – Жетісай ауданы Қызылқұм ауыл округі Жалпаққұм ауылындағы жеке кәсіпкер Өмірзақ Махамбетовтің мақта түту цехы. Аталған шағын цех 2015 жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда мақта және жүн түтуге арналған 5 қондырғы жұмыс істеп тұр.

«2015 жылы отбасымызбен осы кәсіпті ашу үшін «Каспий» банктен 3,5 млн теңге несие алдық. Қазіргі айлық табысымыз жаман емес. Мақта жинау науқанында жұмысымыз жақсы жүреді. Қыстың күндері сұраныстар саябырсиды. Десек те, жұмысымыз жүйелі. Алдағы уақытта үйімізге жақын маңнан 50 соттық жер телімін алып, цехымызды үлкейтсек деп отырмыз», - дейді Өмірзақ Махамбетов.

Шағын цехтың өнімдерін негізінен Жетісай ауданының тұрғындары тұтынады екен. Көрпе-жастыққа, қыз жасауына қажетті мақта өнімдерінің бәрі осында әзірленеді. 5 балашағалы отбасын асырап отырған шағын цехтың қазіргі орналасқан жерінің құжаттары жоқ екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Махамбетовтер отбасы Қызылқұм ауыл округінің әкімдігінен кәсіпкерлік мақсатында жер теліміне сұраныс жолдаған. Әкімдіктегілер бұл мәселені жақын арада шешіп беруге тырысамыз деп отыр.