Жетісайдағы үш қыздың оқиғасы: Өгей ананың әкесі шындығын жайып салды

0
21 286

Жетісай ауданында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі үш қызды ұрып-соғып, ұзақ уақыттан бері қинап келді деп айыпталған Жұлдыз Көбееваның отбасымен тілдесудің сәті түсті.


Жетісайдағы үш қыздың оқиғасы: Өгей ананың әкесі шындығын жайып салды

Ескерту: мақаланы көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады

Жетісай ауданында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі үш қызды ұрып-соғып, ұзақ уақыттан бері қинап келді деп айыпталған Жұлдыз Көбееваның туыстары өздеріне тағылған айыптармен толық келіспейтіндігін айтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


«Қызым Жұлдызды Нұрмашқа (Нұрмұхамед Қойымбетовке) 2016 жылдың 2 желтоқсанында қазақы салтпен ұзатып бергенбіз. 2017 жылдың көктемінде Жұлдыз Сабина, Мәншүк пен Милананы алғаш рет үйге алып келді. Қызым бағып, перзентім деп бауырына басқан соң менен бастап отбасымның барлық мүшелері қыздарды қабылдадық. Сол кездің өзінде қыздардың денесінде тыртықтар мен жараның іздері болды. Бірақ мен қазбалап ешнәрсе сұрамадым. Алғаш келгенде ешкімге қосылып ойнамайтын үш қыз кейін келе ұяңдықтарын қойып, әр аптада демалыс күндері келіп тұратын болды. «Ата біз үйге бармай-ақ осында қала салайықшы. Үйге Жұлдыз мамам келгенше біз Димаш (Дінмұхамбет Қойымбетов) аға мен әжемнің үйінде бөлек-бөлек жүрдік. Үй шаруасын бәріміз бірге емес тек біздер ғана істейміз» деген Сабинаның сөзінен секем алып қалып едім. Бірақ, ақыр соңы мұндай болады деп еш ойламадым", - дейді айыпталған өгей ананың әкесі П.Көбеев.

Сондай-ақ, ол өз қызын ақтамайтынын да жеткізді.

"Осы оқиға байланысты қызым мүлдем кінәсіз деп ақтап отырған жоқпын. Оның да айыбы бар. Оқиға болған күні, яғни, 11 сәуірде Жұлдыздың қыздарға ұрысқаны рас. Бірақ, кемпірауызбен қинап, тырнақ пен еттің арасына ине тығып жауыздық танытпаған. Үйдегі құрал-саймандар отбасына ортақ дүниелер. Нұрмаш үнемі көшеде болған соң үйдегі ер азаматтың майда-шүйде жұмыстарын әйел заты істемегенде кім істейді? Үйдегі күйген шамды да, үзілген тоқты да қызым өзі ауыстырып, сынған жиһаздарды да өзі жөндей беретін қызым. Осының бәрін білетін құдалар енді бұл дүниелерді басқаша мақсатта пайдаланып жатыр", - деп күйінеді ол.
П.Көбеевтің айтуынша, қыздар ауруханаға түскен соң (12.04.2019 ж.) таңғы сағат 08:00-де ауруханаға барыпты. Онда құдағиы Әлия мен үлкен келіні Эльвира да болған.
"Сабина да, Мәншүк пен Милана да «ата» деп жүгіріп келіп құшақтады мені. Не болғанын, қалай бұл жағдайға түскендерін сұрап едім, ештеңе айтпады. Олардың орынына Әлия құдағи «Сенің қызыңа шығарған шығынымды, той жасауға кеткен ақшамды сен әлі маған толық қайтаратын боласың. Бұл үшеуі мен нені айт десем соны айтады, не істе десем соны істейді» деді. Менен кейін үлкен қызым да, келінім де барды ауруханаға. Бірақ, оларды кіргізбей жіберіпті», - деген Пернебай Көбеев БАҚ өкілдерінің де мәселеге бір жақты қарап, жұмыс жүргізіп жатқанына өкпелі.
Жұлдыздың әкесі жанжал басталғалы бірнеше рет ол кісілермен жолығып, мән-жайды анықтауға әрекет жасағанын, бірақ ездескілері келмей қашқақтап жүргенін айтады.
"Мейлі, егер менің қызым олар айтқан қатыгездіктің бәрін жасап, дәлелін тауып жатса тиісті жазасын алсын. Кінәсіз болса үйде екі жасар баласы күтіп жүрген жүкті қызды босқа қинамай босатса», - дейді Жұлдыздың әкесі.

Еске сала кетсек, бұған дейін апалы-сіңлілі үш қыздың әкесінің ағасы Жұлдыз Көбееваның әкесін "қызына ұрсудың орнына тоқтау салмады" деп айыптаған еді.

суреттер: Ж.Көбееваның туыстарынан алынды