​Жетісайлық кәсіпкер: «Ауылда да жұмыс көп»

0
1 961

Қазір қаланың баласы былай тұрсын, ауылда мектеп бітірген түлек туған жеріне қайта оралғысы келмейтіні рас.


​Жетісайлық кәсіпкер: «Ауылда да жұмыс көп»

ERNUR.KZ. Түркістан облысына қарайсы Жетісай ауданында ауылда тұрып-ақ істің көзін тауып, кәсібін жандандырып отырған азамат бар.

Бүгінгі қоғамда жастарды ауылға тарту, жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Ауылдан шыққан жастардың сол баяғы жұмыстың жоқтығын сылтау ететіні бар. Бірақ Түркістан облысы, Жетісай ауданы Қызылқұм елдімекенінің тұрғыны Дидар Ақпанов бұл қоғамдық қасаң пікірмен мүлде келіспейді. Өйткені ол ауылда тұрып-ақ істің көзін тауып, бірнеше отбасының түтінінің түзу ұшуына ықпал етіп отырған іскер азамат.

Бүгінде оның командасында ауылдың 16 азаматы жұмыс істейді. Осыдан тура 6 жыл бұрын үйінің іргесінен пластикалық есік-терезе жинауға кіріскен оның қазіргі таңда Жетісай ауданында бірнеше ұсталық шағын цехтары бар. Бұдан бөлек, жиһаз жинап, темір қақпа әзірлеп, сан-салалы тірліктің көзін тауып отырған ол жуырда ғана үйінің іргесінен «Ықылас» атты заманауи үлгідегі азық-түлік дүкенін ашыпты.

«Ауылда жұмыс жоқ дейтін жастарға келіспеймін. Көзін тапсаң, бәрін істеуге болады. Тек ынта мен жігер керек. Мен кәсібімді 2012 жылы шағын ғана цехта бастадым. Ең бірінші, ауылға пластикалық есік-терезе жинайтын құрылғылар мен қондырғыларды сатып әкелдім. Өзіміз іздендік, үйрендік. Сапалы тауар жасап шығаруға ұмтылдық. Кейіннен сұраныстар да түсе бастады. Қазіргі таңда біздің жігіттер жиһаз жинап, пластикалық, темір есік, терезе, қақпа дайындайды. Бәрі ауылдың жігіттері. Айлықтары уақытылы», - дейді Дидар Ақпанов.

Барлық істің басы-қасында Дидардың өзі жүреді екен. Басшы екенмін деп қарап отырмайды. Бүгінде ол 4 баланың әкесі.

«Алға қойған мақсат-міндеттерім өте көп. Тек уақытты тиімді пайдаланып, жоспарлы түрде іс-әрекет жасау ғана қалып тұр. Келешекте дәл осы қарашаңырақтың ауласынан құрылыс заттарын саудалайтын ірі дүкен ашсам деген жоспарым бар. Бұл арманым әзірдің өзінде біртіндеп іске асып келеді», - дейді Дидар.

Дереккөз: Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі